Басты Жаңалықтар Қазақстан мен АҚШ тауар айналымын арттыруға мүдделі

Қазақстан мен АҚШ тауар айналымын арттыруға мүдделі

Вашингтонда Қазақстан үкіметінің өкілдері елдің экономикалық әлеуетін америкалық инвесторларға таныстырды. Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорының күзгі сессиясы аясында өткен жиында Премьер-министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин еліміздің инвестициялық әлеуеті жайлы мәлімет берді. Өзара байланыстың жаңа нақты деңгейіне өтуге шақырды. Қазақстан өз кезегінде бизнес өкілдеріне жан жақты қолдау көрсетуге дайын. Қазақстан – АҚШ арасындағы тауар айналымы былтыр 4 млрд доллардан асқан. Тараптар бұл көрсеткішкті арттыруға мүдделі. Шараға қатысқан Chevron, ExxonMobil, Mastercard, General Electric, Pfizer, Honeywell, PepsiCo, John Deere секілді ірі компаниялардың өкілдері де өздерін мазалаған сұрақтарға тікелей жауап алды.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:

Біз Қазақстанның жаңа инвестициялық саясатын, сондай-ақ ұсынып отырған жобалық қаржыландыру тетіктеріне қатысты өз көзқарасымызды таныстырдық. Дамудың басым бағыттары ретінде химия өнеркәсібі, терең өңдеу, ауылшаруашылығы, металлургия мен жасанды интеллектті жетілдіру секілді салаларды атадық. Бұл ұсыныстар қатысушылардың айрықша қызығушылығын тудырды. Америкалық серіктестер Қазақстанды тек өз инвестицияларының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ел ретінде ғана емес, жалпы өңірдің тұрақтылығына жауапты сенімді әріптес ретінде көргісі келеді. Осы тұрғыда өте мазмұнды кездесу болды.

Джеффри Пайетт, дипломат, «McLarty Associates» компаниясының энергетика және сирек минералдар бойынша атқарушы директоры:

Мен Үкімет құрамында болған кезде Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық маңызды минералдар саласындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша Президент Тоқаев әкімшілігімен тығыз жұмыс істедім. Бүгін Ұлттық экономика министрі мен Даму банкі төрағасының да нақты ұстанымын естіп, қуандым. Қазақстанның АҚШ-пен әріптестік орнатып, энергетикаға қажет барлық ресурстар мен минералдарға: кобальт, литий, никель, мырыш, мыс, сирек жер элементтеріне деген сұранысты толық қамтамасыз етуді мақсат ететініне көзіміз жетті. Сонымен қатар мұның барлығын бір ғана жеткізушіге байланбай, әртараптанған бағытта жүзеге асыруда мүдделес екенімізді түсіндім.

Михеил Нибладзе, «Cerberus Frontier» атқарушы директоры:
Қазақстанның АҚШ-қа жоғары деңгейдегі делегация жіберуі – америкалық компаниялармен ынтымақтастыққа дайын екенін көрсетеді. Бұл – маңызды бастама, өйткені жеке секторда да, мемлекеттік деңгейде де байланыстарды нығайтуға зор мүмкіндік бар. Ендігі маңызды қадам – келісімдерді жүзеге асыру. Бұл кезең ең күрделі және аса зор ыждаһаттылықты қажет етеді. Тараптар бұған сақадай сай деп сенемін.

Бөлісу