«Қыз Жібек» пен «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» лиро-эпостық жырларының анимациялық нұсқасы шығады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қыз Жібек» пен «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» лиро-эпостық жырларының анимациялық нұсқасы шығады

23.09.2014
«Қыз Жібек» пен «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» лиро-эпостық жырларының анимациялық нұсқасы шығады

Алматы қаласының Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасы «Ер төстік» ертегісінің, «Қыз Жібек» пен «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» лиро-эпостық жырларының анимациялық нұсқасын шығарады. Бұл туралы қала әкімі Ахметжан Есімов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі таңда тілді үйретуге арналған тілдік әдістемелік құралдарға тапшылық жойылды. Балабақша тәрбиешілері мен қоғам сұранысын ескере отырып, 3D форматында жасалған қазақ тіліндегі мультфильмдердің 205 сериясы жарық көрді. Бұл өнімдер қаладағы барлық балабақшаларда тегін таратылып, республикалық телеарналарда көрсетіліп келеді», - деді қала басшысы.

2015 жылы «Ер төстік» ертегісінің, «Қыз Жібек» пен «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» лиро-эпостық жырларының анимациялық нұсқасы шығарылмақ.

«Ұлттық нақыштағы мультфильмдер - жас ұрпақ тәрбиесіне аса қажет құралдардың бірі. Қазақ эпостарының желісімен түсірілген мультфильмдер балалардың туған тіл, ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттырады», - деді Ахметжан Есімов.

Естеріңізге сала кетейік, Алматыда мемлекеттік тапсырыспен «Сиқырлы қалам» интерактивті тіл үйрету құралы енгізілген болатын. Қазақ және ағылшын тілдерін үйретуге арналған, оқыту үрдісінде қолдануға оңтайлы кешен Алматы балабақшаларында осымен екінші жыл қатарынан білім құралы ретінде пайдаланылып келеді. 

Хабарламаларға жазылу