Бүгін Әнуар Молдабековтың туған күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін Әнуар Молдабековтың туған күні

20.05.2016
Бүгін Әнуар Молдабековтың туған күні

78 жыл бұрын (1938-1985) актер, Қазақ КСР-нің Халық әртісі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері Әнуар Әбіханұлы Молдабеков дүниеге келді.

Алматы облысының Іле ауданында туған. Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры студиясын профессор Ә.Мәмбетов пен Н.Жантөриннің жетекшілігімен бітірген.1960-1965 жылдары Қарағанды облыстық қазақ драма театрының құрамында, ал 1965 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында актер болып қызмет еткен.

Отты қызулық, айқындық пен идеялық тереңдік оның актерлік өнеріне тән қасиет.

Молдабековтың спектакльдердегі басты рөлдері қатарында Досым (Қ.Аманжолов «Досымның үйленуі»), Мәмбет (Ш.Айтматов, Қ.Мұхаметжанов «Көктөбедегі кездесу»), Қобланды, Кебек (М.Әуезов «Қарақыпшақ Қобланды», «Еңлік - Кебек»), С.Сейфуллин (С.Мұқановтың осы аттас драмасы), Жантық (Ғ.Мүсірепов «Қозы Көрпеш - Баян сұлу»), Керім (Әуезов, Л.Соболев «Абай»), Алдаркөсе (Ш.Хұсайыновтың осы аттас комедиясы), т.б. бар. 1965 жылдан киноға түсіп, Мұса («Ән қанатында»), Тәжібай («Қилы кезең»), Шеге («Қыз Жібек»), Еркебұлан («Кездеспей кеткен бір бейне»), Еламан («Қан мен тер»), Қасым Батыров («Қала қалқаны»), Қожабек («Қаралы сұлу») бейнелерін сомдаған.

«Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған.

Хабарламаларға жазылу