1972 жыл. Мюнхень Олимпиадасы. Бүкіл әлемді дүр сілкіндірген бұл сәтті ешкім ұмыта қойған жоқ. Ойынның бітуіне 3-ақ секунд қалған. Америка Құрама Штаттары жеңісті тойлауға оқталды. Есеп – 50:49. Алайда, төреші ойынның бітпегенін айтты. Сол сәтте Кеңес одағының құрамасы допты ойынға қосады.
Баскетболдан алдарына жан салмаған америкалықтардың осы жолы тауы шағылды. Кеңес одағы Олимпиада чемпионы атанды. Осы даңқты құраманың ішінде қазақ баласы да бар еді. Ол – Әлжан Жармұхамедов.
«Осы үш сеундта бірнәрсені өзгерте қоямыз дегенге сенбедім. Басымды көтергенімде, Кондрашиннің: «Ваня, Сашаға бер!» деп айқайлағанын естідім. Иван Едешко допты ашық тұрған бізге қарай лақтырды. Саша допты қағып алғанда, екі америкалық бір-біріне соғылып, құлап түсті. Саша допты себетке лақтырды. Одан кейін айқай-шу, арыз-шағым басталып кетті. Бізді бірден Олимпиада қалашығына жеткізді. Таңғы 06:00-ге дейін киім ауыстыратын бөлмеде отырдық. Ертеңінде түс ауа Кеңес одағы құрамасын баскетболдан Олимпиада чемпионы деп жариялады»,- дейді баскетболдан Олимпиада және Еуропа чемпионы Әлжан Жармұхамедов.
АҚШ құрамасының ойыншылары күміс медальді алудан бас тартты. Арада 40 жылдай уақыт өтсе де, бұл оқиға барлық жанкүйердің жадында қалды.
Әлжан Жармұхамедов спортқа бірден келген жоқ. Алғашында зауытта жұмыс істеді. Зауыттың дене тәрбиесі инструкторы ұзын бойлы жігітті көріп, баскетбол секциясына шақырады.
Баскетболға құмартқан Әлжан 1967 жылы Ташкенттегі денешынықтыру институтын бітіріп шығады. Ол баскетбол добын 19 жасына дейін ұстап көрмеген. Бірақ, шын талант иесі 23 жасында КСРО құрамасымен Еуропа чемпионы атанды.
Спортшы туралы толығырақ «Таңшолпаннан» көріңіз.