Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Бельгияда өкілдігін ашты
Мақсат - университеттің білім беру иммиджін халықаралық аренада паш ету. Оқу ордасы бүгіннен бастап Брюссельдегі Қазіргі заман және зерттеу институтының базасында өз қызметін жетілдіретін болады.
Яғни, білім ошағы қарт құрлық елдерінің озық университеттерімен тәжірибе алмасып, Еуропа Одағының білімді қаржыландыру бағдарламаларына белсене қатысуды көздеп отыр. Осы іскерлік аясында, университетті тиімді басқаруды арттыру бойынша халықаралық сарапшылар пулын құру да жоспарда бар.
Әсемгүл Молдажанова, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бірінші проректоры:
- Брюссельдің орталығындағы осы кеңсе арқылы бізге Еуропалық Одақтың 28 мемлекетіндегі әріптестерімізбен тікелей келіссөздер жүргізуге мүмкіндік бар. Себебі соңғы 3-4 жылда біздің университетке Франциядан, Ұлыбританиядан студенттер келіп, оқып жатыр. Біз шетелдік студенттердің, жалпы шетелдік серіктестердің санын көбейтіп, оларға қазақстандық білім беру жүйесінің тартымдылығын көрсеткіміз келеді. Осы мақсатта онлайн кездесулер, білім беру саласындағы жетістіктер көрмесін ұйымдастырып, жылдың соңына дейін діттеген нәтижеге қол жеткізуден үміттеміз.
Нұрсұлу ҚАСЫМ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
