Шетелдік спорт жұлдыздары Денис Теннің қазасына қатысты көңіл айтты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шетелдік спорт жұлдыздары Денис Теннің қазасына қатысты көңіл айтты

20.07.2018

Денис Теннің қазасы тек қазақтың қабырғасын қайыстырған жоқ, тұтас әлем қайғырып, қара жамылды. New York Times, ESPN, Euronews, Eurosport, BBC бұл қайғылы оқиға туралы хабар таратқан әлемдік ақпарат құралдарының бірнешеуі ғана. Спорт әлемі де есеңгіреп қалды. Мәнерлеп сырғанаудың майталмандары Жер шарының әр түпкірінен көңіл айтып, естеліктерімен бөлісуде.

Татьяна Тарасова, Ресей Федерациясының Еңбек сіңірген өнер қайраткері:

- Мен ондай жас, бірақ, өте ақылды, ашық баланы өте сирек кездестірдім. Мен қазір бұл жерде неге тұрғанымды да түсіне алар емеспін. Менің орнымда ол тұрып, мені шығарып салуы керек еді. Денис, өз халқының баласы болатын.

Ю На Ким, Олимпиада чемпионы:

- Денис Тен туралы хабар бізді қатты жаралады, сене алар емеспіз. Денис Тен ұлы спортшы және басқаларға орасан шабыт сыйлаушы тұлға еді. Өз ісіне ерекше ынтызар ұлы сырғанаушыны жоғалту орны толмас трагедия. Қазаға қатты қайғырып, көңіл айтамын.

Адам Риппон, Олимпиада жүлдегері:

- Бүгін менің досым Денис Тен қайтыс болды. Қазақстан көшелерінде өлтірілді. Ол әркімге қайырымдылық танытып, көптеген адамдарға орасан шабыт сыйлаушы еді.  Денис, нағыз чемпионның қандай болатынын көрсеткенің үшін рахмет. Тек, уақытың тым қысқа болды. Мәңгі есімдесің.

Джоанни Рошетти, Олимпиада жүлдегері:

- Бұл шок, болған жайтқа әлі сене алар емеспін. Сенімен бірге Қазақстанда өткізген сәттерімді үнемі жүрегімді сақтайтын боламын. Бақұл бол, Денис.

Алекс Шибутани, Олимпиада жүлдегері:

- Әлем ең жарық жұлдызының бірін жоғалтты. Менің досым, бауырым. Сені қатты сағындым. Сені кездестіргенім мен үшін бақ еді. Бір күні қайта жолығамыз деп үміттенемін.

Мао Асада, Олимпиада жүлдегері:

- Неге?! Мен бұған сенгім келмейді. Жаным ауырып отыр. Енді менің қымбатты досым жоқ. Біз бірге жаттығушы едік, теннис ойнап, барбекю пісіретінбіз. Ол өте қарапайым, көңілді және адам сенгісіз еңбекқор еді. Сіз үшін дұға етемін.

 

Маралбек САҒЫНҒАНОВ

Хабарламаларға жазылу