Қазақ елі Денис Тенмен қоштасты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ елі Денис Тенмен қоштасты

23.07.2018

Шілденің 21 жұлдызында Қазақ жұрты қысқа ғұмырында құйрықты жұлдыздай жарқ еткен спортшымыз Денис Тенді ақтық сапарға шығарып салды. Балуан Шолақ атындағы спорт сарайындағы қаралы басқосуға келген көпшілік Денистің ел үшін жасаған игі 3стерін ерекше тебіреніспен еске алды.  

Болмысымен дараланып, талантымен таңдай қақтырған Денис Тенмен қоштасуға келген жұрттың қатары қалың. Алдымен Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Мемлекет басшысының көңіл айту хатын оқып берді.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

- Денис Теннің орны толмас қазасына қайғырып көңіл айтамын. Ол еліміздегі қысқы спорт түрі мәнерлеп сырғанаудың дамып, жоғары деңгейге көтерілуіне өлшеусіз үлес қосты. Сондықтан, спортшының жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады.  

Тас түскен жеріне ауыр. Мезгілсіз қазаға Денистің ата-анасы қатты қайғырды. Талантты ұлынан айырылған жалпақ жұрт қайғыдан қан жұтты. Қайғыны бөлісуге Дмитрий Баландин, Қанат Ислам және Геннадий Головкин сынды әлемге танымал даңқты спортшылар мұхит асып келді.  

Жақсылық Үшкемпіров, Мәскеу Олимпиадасының чемпионы:

- Денистің әке-шешесіне ауыр. Бәріміз де білеміз, сеземіз, қайғырып көңіл айтамыз. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын.

Мұз үстінде атой салып, көк туымызды желбіреткен мұзбалақ қысқа ғұмырында бүгінгі буынға үлгі болды. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде әлемді мойындатқан спортшы «Денис және оның достары» шарасын өткізіп, спорттық ойынның қоғамдық сипат алуына зор еңбек сіңірді. Міне, осындай шаралардың арқасында табиғатымызға жат болып көрінген мәнерлеп сырғанау өнері халық арасына кең тарады. Сондықтан, бүгінде Денистің ізін жалғаған жас спортшылардың қатары көбейді.

Нұрлан Абдуллин, әнші:

- Осы спорт сарайында ең бірінші рет Денис Теннің «Денис және оның достары» деген үлкен шоуын өткізіп едік. 22 жастағы бала бүкіл дүние жүзінің жұлдыздарын осы «Балуан Шолаққа» алып келгенде, мақтанып, елімізге қандай үлкен абырой деп едік.

Марқұммен бақұлдасуға келіп, спорт сарайына сыймай қалған көпшілік Дениспен қимай қоштасты. Оның денесі Алматыдағы Достық ықшамауданына жерленді.

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу