Мемлекет басшысы Денис Теннің өліміне қатысты істі ерекше бақылауға алуды тапсырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Денис Теннің өліміне қатысты істі ерекше бақылауға алуды тапсырды

20.07.2018

Нұрсұлтан Назарбаев Денис Теннің қайтыс болуына байланысты туған-туысқандары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады. «Қазақстанның белгілі спортшысы, 2014 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Юрьевич Теннің қайғылы қазаға ұшырағаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдадым. Орны толмас қазаға байланысты көңіл айтамын. Денис Тен мәнерлеп сырғанаудың отандық мектебін қалыптастыруға және дамытуға, Қазақстан спортын жоғары деңгейде ілгерілетуге зор үлес қосты. Оның жарқын жетістіктері еліміздің абыройын асқақтатып, жастар арасында спортты дәріптеуге септігін тигізді. Таланты әлемнің көптеген елдерінде мойындалған Денис даңқты спортшы ғана емес, сондай-ақ, бітімі ерекше тұлға, Қазақстанның нағыз патриоты еді. Денис Юрьевич Теннің жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады», – делінген жеделхатта. 

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Бас прокурор Қайрат Қожамжаровқа және Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымовқа Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Денис Теннің өліміне байланысты істі ерекше бақылауға алуды, сондай-ақ, тергеу шараларының егжей-тегжейлі әрі объективті жүргізілуін қамтамасыз етуді тапсырды. Президент Әкімшілігінің басшылығына тергеу барысын тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды.

 

Ғабит ҰЗАҚБАЙ

Хабарламаларға жазылу