Бельгияда дәстүрлі жаңа технологиялар көрмесі ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бельгияда дәстүрлі жаңа технологиялар көрмесі ашылды

31.05.2019

Екі жылда бір ұйымдастырылатын шараға 200-ден астам компания қатысып жатыр. Барлығы өндіріс саласындағы соңғы жетістіктерін жәрмеңкеге шығарған.

Бельгияда жасалған Болид. Сырт қарағанда кәдімгі зауыттан шыққан автокөліктен еш айырмашылығы жоқ. Бірақ, ол темір-терсектен емес, мынадай ақ ұнтақтан жасалған. 3D принтер ұнтақты қабат-қабат біріктіру арқылы көлікке қажетті бөлшектерді басып шығарады. Яғни, ақ тер, көк тер болып ештеңені қолмен құрастырып жинаудың қажеті жоқ. Мына тұрған велосипедтер, медицинаға қажетті құрал-жабдықтар бәрі сол лазерлі қондырғыдан шыққан.

Жо Де, Гроот компанияның менеджері:

Бұл да принтердің көмегімен басып шығарылған жасанды тіс салуға арналған материал. Осы кезге дейін салынып келген протездер өте ауыр, сосын тісті, теріні қажайтын. Ал, мынау өте ыңғайлы, ауыз қуысында түк сезілмейді. Бағасы да бұрынғыларға қарағанда әлдеқайда арзан. 

Сырға, сақинаға ұқсайтын мына құлақ бітейтін құрылғы да 3D принтердің өнімі. Құлақты желдің гуілінен, көліктің дүрілінен, басқа да шуылдардан 100% сақтайды,-дейді өндіруші.

90-жылдары барлығымыз тұтынған майшам естеріңізде болар. Мынау, сол майшамның инновациялық үлгісі. Бельгиялық компания мұны пластиктен жасаған. Салмағы жеп-жеңіл. Екі әдіспен қолдануға болады. Батареясы 30 сағатқа жетеді. Сосын тоққа қосып, қуаттауға болады. Бағасы – 80 еуро, бізше – 35 мың теңге. Кәсіпорын болашақта мұны Қазақстан нарығына да шығаруды жоспарлап отыр.

Көрмеде компаниялар өздері жасаған роботтарын да көпшілікке таныстырды. Жұмыс күшін, өндірістік шығынды қажет етпейтін жасанды интеллекттің қызметіне жүгінушілер көп қазір. Құлтемірлердің адамдарды алмастыра бастағанына, әсіресе, жастар алаңдаулы. Жұмыссыз қалудан сескенген қыз-жігіттер осы көрмеден стартап жобаларына инвестор табудан үмітті.   

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу