Халықаралық қауымдастық Сирия халқына гуманитарлық көмек көрсетуге 7 млрд доллар қаржы жинады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Халықаралық қауымдастық Сирия халқына гуманитарлық көмек көрсетуге 7 млрд доллар қаржы жинады

15.03.2019

Бұл туралы Шам еліндегі дағдарысқа байланысты Брюссельде өткен ІІІ донорлық конференцияда мәлім болды. БҰҰ мен Еуропалық Одақ ұйымдастырған жиынға Қазақстаннан және жаһанның тағы 57 елінен делегат қатысты. Мәртебелі меймандар, халықаралық ұйым өкілдері мен Сирия азаматтық қоғамының мүшелері екі күн бойы Сириядағы дағдарысты шешудің жолдарын талқылады.

Сириядағы 8 жылға созылған соғыстың салдарынан халықтың 85 пайызы кедейлік кебін киді. БҰҰ мәліметінше, қазір елдегі 11 млн-нан астам адамға гуманитарлық көмек қажет. Қаржылай қолдауға Шам елінен 6 млн босқынды қабылдаған көрші Ливан, Иордания мен Түркия елдері де зәру. Жаһан жұртының Брюссельде осымен үшінші рет бас қосуының мақсаты да сол демеу қаржы жинап, Сирияны қайта қалпына келтіруге бағытталған саяси процеске қолдау көрсету.

Федерика Могерини, Еуропалық Одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі:

- Еуропалық Одақ тарапынан Сирия елі мен халқына көмек ретінде осы уақытқа дейін 17 млрд еуро қаржы бөлінді. Жаһандық қауымдастық дағдарыстың әлі аяқталмағанын естен шығармауы тиіс. Сирия азаматтық қоғамы өкілдері мен әйелдері, егер саяси шешім табылса, тараптардың татуласуы әбден мүмкін екенін айтты. Демек, мықты қадам саяси процестің жандануына серпін береді деген үміттемін.

Сирия мәселесіне қатысы бар басты ойыншылардан бөлек жиында еліміздің Сыртқы істер министрінің орынбасары Мұхтар Тілеуберді де сөз алды. Қырғи-қабақ болған тараптарды бір үстелдің басына жинап, Астана процесін ұйымдастырған Қазақстанның бітімгерлік миссиясын жаһан жұрты жоғары бағалап отыр.

Мұхтар Тілеуберді, ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары:

- Әр келіссөздердің раунды бойынша практикалық нәтиже қабылданған болады. Ең бірінші, Сирия үкіметі мен оппозиция арасында түрмеде отырған адамдармен алмасу мәселелері немесе соғысты тоқтатып қойған аймақтарды құру туралы келіссөздерге нәтижелерге жеткізген болатын.

Бұдан бөлек, қазақ елі Шам халқына азық-түлік, дәрі-дәрмектен тұратын гуманитарлық көмек те жөнелтіп жатыр. Өзге мемлекеттер де биылғы донорлық конференцияда 7 млрд доллар жинады. Оның бір бөлігі Сирияны қайта қалпына келтіруге жұмсалады. Біздің Үкімет те жақын арада Дамаск қаласындағы Сұлтан Бейбарыс кесенесі мен Әл-Фараби атындағы қазақ мәдени орталығын күрделі жөндеуді қолға алмақ.

«Бірақ бұл айтылған қаржылай қолдау, құрылыспен Сирия дағдарысы бітпейді. Саяси ұйғарым қажет»,-дейді конференцияға жиналғандар. Бейбіт бітімге кепіл мемлекеттер Астана процесінің кезекті 12-ші кездесуін келесі айда елордада өткізуге ұсыныс жасаған. Әлемдік қауымдастық сол сәуірдегі кездесуден тәуір шешім шығады деген үмітте.

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу