Бельгияның Левен университеті «Болашақ» бағдарламасының тізіміне енді
Мемлекеттік грантқа іліне алмаған қазақстандық түлектерді Бельгияның өзге де оқу орындары өздерінде білім алуға шақырады. Өйткені бұл елде шетелдік студенттерге түрлі гранттар бар. Шет тілін білсеңіз, кез келген жоғары оқу орнына түсуге болады. Есесіне жергілікті жастар үшін оқу - ақылы. Мемлекет тек тұрмысы төмен отбасылардың балаларына ғана жеңілдік жасайды.
Бельгияда 6 жаста жылдық бастауыш сыныптан соң, балалар болашақ мамандығын таңдап, соның қыр-сырын игеруге кіріседі. 5 күндік сабақ таңғы 8.30-дан түскі 15.20-ға дейін жалғасады. Арасындағы бір сағаттық үзілісте оқушылар дене шынықтырумен айналысады, тамақтанады, ойнайды.
Түскі асты асханадан ақысын төлеп ішуге болады. Бірақ көбінесе ата-аналар үйден дайындап, салып береді. Әр мектептің жанында өз балабақшасы бар. Мұғалім, мектеп басшылығы кішкентай бүлдіршіннің де пікірімен санасады. Астаналық Фаризаға шетелдік білім жүйесінің осы тұсы қатты ұнапты. Бельгияға бір жыл бұрын қызмет бабымен келген жерлесіміз баласына үй жұмысы аз берілетініне қуанышты.
Фариза Нұржанова, Қазақстан азаматы:
- Бельгия мектептеріндегі балалардың көрші мемлекеттерге экскурсия жасауға мүмкіндігі бар. Мұғалімдер ата-анамен жеке-жеке тәрбие сағатын өткізеді. Баланың үлгерімін, сабаққа деген қызығушылығын, барлығын жан-жақты қып көрсетеді.
19 жастағы Бейбарысқа Бельгия мектебіндегі балдық жүйеге үйрену оңай болмапты. 11-сыныпқа француз мектебіне қабылданған қазақ жігіті 12 жылдық білім ордасын сәтті аяқтап, былтыр Бельгияның жоғары оқу орнына түскен.
Бейбарыс Алжирбекұлы, студент:
- Мұнда ҰБТ сияқты емтихан жоқ. Бірақ олар әр жыл сайын екі рет емтихан тапсырады. Тек қана екі пәннен, француз тілі мен тарихтан. Камера деген мүлде болған жоқ. Тек мұғалімдер өздері тексереді.
«Ұстаздарымыз досымыздай болды. Сырласып, қажет болса еркін пікір алмасатынбыз», - дейді Бейбарыс. Университетте де толық еркіндік.
Жалпы, Бельгия жоғары оқу орындарында медицина, менеджмент, өнер және техникалық факультеттерге түсу үшін ғана емтихан бар. Қалған мамандықтарға ақысын төлесеңіз, еркін қабылдайды. Бакалавриат жылына 1000 еуро, магистратура 800 еуро шамасында. Ата-анасы жұмыссыз немесе тұрмысы төмен отбасылардың балаларына оқу қаражатын төлеуге мемлекет жәрдемдеседі. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының зерттеуі бойынша, елдің білім жүйесі халықаралық рейтингте 14-ші орында. Ел үкіметінің ендігі көздегені - үздіктердің алғашқы бестігіне кіру.
Нұрсұлу ҚАСЫМ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
