Полицияның мәліметінше, шараға 70 мың адам қатысып, соңғы рекордты жаңартты. Елдің түкпір-түкпірінен жиналған жұрт үкіметтен ғаламдық жылынуды тоқтатуға қатысты нақты шаралар қабылдауды талап етті.
Нұрсұлу Қасым, тілші:
Бельгияда қаңтарда ауа райы қоңыр күздегідей. Жаңбыр құйып, термометр +7 градусты көрсетіп тұр. Халық климаттың осылай күрт өзгергеніне қарсы. Оқушылар мен студенттерді қолдау үшін бұл жолы шеруге аға буын өкілдері де шықты.
Нөсерлеп жауған жауынға қарамастан шеруге 70 мың адам жиналды. Балаларын арбаға салып, арқаға асып алған ата-аналар, бірін-бірі жетектеген қарттар, «Табиғатты анамыздай аялайық!» деп ұрандатқан жастар. Тіпті, көршілерін қолдауға Франциядан келгендер де бар. Бәрінің уайымы бір.
Лакур, шеруге қатысушы:
- Көліктерге қатысты заңнаманы күшейту керек. Өйткені ауаны ластайтын осы көліктерден шығатын көмірқышқыл газы. «Өзгерісті өзімізден бастайық» деп біз бірнеше жыл бұрын дизельден бензинге көштік. Бас кезінде Еуропада кәдімгідей қыс, қар болатын. Қазіргі ғаламдық жылыну су тасқынына әкеле ме деп қорқамын.
Гайтен, шеруге қатысушы:
- Үкімет қол қусырып отыра бермей, нақты шара қабылдауы керек. Біз қолымыздан келгенше қоршаған ортаға зиян келтірмеуге тырысудамыз.
«Қолымызда билік болса, шенеуніктерден қызметтік көлікті тартып алып, жұмысқа велосипедпен қатынауға мәжбүрлер едік»,-дейді оқушылар. Тағы бір топ «пластиктен жасалатын ыдыстар мен пакеттерді шығаруды тоқтату қажет» деген пікірде.
Ману, шеруге қатысушы:
- Саясаткерлер, биліктегілер үнсіз отырмай, заң қабылдауы қажет. Қазір мұхиттарда киттен гөрі пластик көп. Су жануарлары солардан тұншығып, қырылып жатыр. Бұл - қасірет.
Дария, шеруге қатысушы:
- Ормандарды, ағаштарды, аңдарды сақтауымыз керек. Қоршаған ортаға зиян тигізетіндерге салықты көбейтіп, жазаны қатайту керек.
Талап-тілектерін шенеуніктерге жеткізу үшін шерушілер қаланың басты көшелерімен жүріп өтіп, шараны Еуропалық парламент ғимаратының алдында қорытындылады. Жастар мұнымен тоқтамақ емес. Алдағы бейсенбіде дәл осындай наразылық шеруін Бельгияның барлық аймағында ұйымдастырмақ.
Нұрсұлу ҚАСЫМ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.