Елдің үкіметтік коалициясы көші-қон мәселесі бойынша ортақ мәмілеге келе алмай ыдырады. «Жаңа фламанд альянсы» партиясы БҰҰ мигранттар туралы пактісін Бельгияның қолдауына қарсы шығып, биліктен кетті. Осылайша, қызметтен бас тартқан үш министр мен екі мемлекеттік хатшының отставкасын елдің премьер-министрі мен королі Филипп қабылдады. Қызметтен кеткен министрлердің міндетін уақытша өзге министрлер мен мемлекеттік қызметкерлерге атқару жүктелді. Үкімет келесі жылы мамырда өтетін сайлауға дейін осы құраммен жұмысты жалғастыра бермек. Коалицияның қақ бөлінуіне түрткі болған БҰҰ мигранттар туралы пактісін Бельгия кеше Марракеште өткен жиында қолдады. Елдің премьер-министрі Шарль Мишель бүгін осы сапардан оралысымен үкімет отырысын өткізеді деп күтілуде.
Шарль Мишель, Бельгияның премьер-министрі:
- «Жаңа фланманд альянсы» биліктен кеткенімен либерал-христиан-демократтардан құралған жауапты коалиция басталған жұмысты жалғастыра береді. Біздің ел үшін ең бастысы, қазір тұрақтылықты сақтап, жауапкершілік сезімін арттыру. Халықтың сұранысын басты назарға ала отырып, парламентпен бірлесіп әрекет етеміз.
Нұрсұлу ҚАСЫМ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.