Еуропалық Одақ Қазақстандағы жаңғыру процесіне белсенді қатысуға дайын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропалық Одақ Қазақстандағы жаңғыру процесіне белсенді қатысуға дайын

20.06.2018

Еуропалық Одақ Қазақстандағы жаңғыру процесіне белсенді қатысып, өз тәжірибесімен бөлісуге дайын. Бұл туралы Одақ сарапшылары мен экономистері Брюссельде өткен басқосуда мәлімдеді. Еліміздің Бельгиядағы елшілігі мен «Euractiv» медиа-агенттігі ұйымдастырған шарада Елбасы Н.Назарбаевтың халыққа жасаған биылғы Жолдауындағы басым бағыттар талқыланды.

Елбасы Н. Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауымен Еуропа саясаткерлері тыңғылықты танысыпты. Содан болар, Қазақ Президенті ұсынған 10 бағытты сарапшылар жілікше шағып, қызу талқылады. Айтуларынша, құжатта халықтың әлеуметтік ахуалын жақсартудан бастап, жұмыссыздықпен, сыбайлас жемқорлықпен күрес, көлік дәлізін дамыту, экономикалық өсім сынды ел игілігіне қажетті құндылықтардың барлығы қамтылған. Сандық технологияны дамыту арқылы үшінші жаңғыру кезеңіне көшу - елдің аймақта ғана емес, әлемде экономикасы мықты мемлекетке айналуына жол ашады.

Люк Девинь, Еуропалық сыртқы істер қызметінің Ресей, Шығыс серіктестік елдері, Орталық Азия және ЕҚЫҰ бойынша басқарушы директоры:

- Еуропалық Одақ Қазақстандағы модернизация бағдарламасын жүзеге асыруға өз үлесін қосады. Бұл модернизация экономиканы диверсификациялауға септігін тигізеді деген сенімдеміз. Бағдарламада энергияның баламалы көздерін, инновацияны дамыту мәселелеріне басымдық берілген. Біз осы салалардағы тәжірибемізбен бөлісіп, Қазақстанмен іскерлік қатынасты онан әрі нығайтуға мүдделіміз.

Бизнес ортаны жақсарту, қаржы секторын қайта жаңғырту, барлық салаға сандық технологияны енгізу бағдарламаның басты бағыттарының бірі. Еуропалық қайта құру және даму банкі осы мақсаттағы тың жобаларды қаржыландыруға әзір. Банк бұған дейін қазақ экономикасына 8 млрд. еуро инвестиция құйған. Әлі де құя бермек ниетте.

Гвилим Джонс, Еуропалық қайта құру және даму банкінің Брюссельдегі кеңсесінің басшысы:

- Біз қазір ауыл шаруашылығы, энергияны үнемдеу және энергияның баламалы көздерін дамыту, көлік саласында қарқынды жұмыс істеп жатырмыз. Осындай саяси реформалардың арқасында Қазақстанға инвестицияны көптеп тартып, жаңа жұмыс орындарын ашуға тырысудамыз. Жаңғыру бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын «Астана» халықаралық қаржы орталығы Қазақстанның аймақтағы алып қаржы хабына айналуына мүмкіндік береді.

Білім беру ісінде өзіндік озық жүйе құруға бет бұрған Қазақ елінің талпынысын да Еуропа сарапшылары құптап отыр. Саясаткерлердің пікірінше, жастарға тегін техникалық білім беріп, жоғары сыныптарда пәндерді таза ағылшын тілінде оқыту ұтымды шешім. Ұстаздардың жалақысын көтеріп, ғылымды қаржыландыруды күшейтіп, жалпы, адами капиталды дамытуға басымдық берілген бағдарламаның сәтті жүзеге асуына  қарт құрлықтағылар сәттілік тіледі.

 

Нұрсұлу ҚАСЫМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу