Еуропалық Одақ Қазақстанмен барлық салада ынтымақты арттыруға мүдделі. Бұл туралы Брюссельде өткен «Қазақстан-Еуропалық Одақ» іскерлік кеңесінің 17-отырысында сөз болды. Жылына бір мәрте ұйымдастырылатын жиынға қазақстандық делегацияны еліміздің Сыртқы істер вице-министрі Роман Василенко бастап барды. Қос тарап бірлігі 2015 жылы қол қойылған кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімшарт аясында беки түспек. Осы уақытқа дейін келісімді Одақтың 25 мемлекеті ратификациялады. Биыл қалған 3 ел бекітсе, 29 сала бойынша қатынас қарқынды дамиды. Еуроодақ өкілдері Қазақстандағы соңғы реформаларға, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тың бастамаларына жоғары баға беруде. Әрі Орталық Азиядағы, жаһандағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде Қазақ елінің қолдауына жүгінбек. Қазақстан үшін Еуропаның сандық технологиясын, энергияның баламалы көздерін дамыту тәжірибесін игеру маңызды.
Люк Девинь, Еуропалық Сыртқы істер қызметінің Ресей, Шығыс серіктестік елдері, Орталық Азия және ЕҚЫҰ бойынша басқарушы директоры:
- Қазақстан мен Еуропалық Одақ қатынасы керемет. Қазақстан Еуроодақпен кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет. Осы келісім аясында біз сауда-экономикалық, саясат, көлік, білім, яғни, барлық салада ынтымақты арттырамыз. Білім демекші, соңғы 4 жылда Еуроодақта «Erasmus» бағдарламасы бойынша 4 мың қазақстандық студент оқып жатыр. Енді біз мәдени байланысты арттырғымыз келеді. Осы мақсатта, биыл көктемде Брюссельдегі «Бозағ» орталығында Наурыз мерекесін Сіздермен бірге тойлаймыз.
Роман Василенко, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:
- Еуропалық Одақпен қазақстандықтар үшін визаны жеңілдету мәселесін де талқыладық. Еуроодақ жақында жаңа виза кодексін қабылдайды. Соған сәйкес, «Шенген» визасын алуға тапсыратын құжаттар тізімі азайып, виза бағасы арзандап және оны қарастыру уақыты қысқартылуы мүмкін. Осы кодекс қабылданғаннан кейін ғана Еуропалық Одақ үшінші елдермен визаны жеңілдету бойынша келіссөздер жүргізуді бастайды. Біз келіссөз жүргізуге дайынбыз және біздің азаматтар үшін өте маңызды мәселені еуропалық серіктестермен кездескен сайын көтеріп жүрміз.
Нұрсұлу ҚАСЫМ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.