Сириядағы дағдарысты тоқтатып, ел халқына гуманитарлық көмек көрсету қажет. Осы мақсатта Брюссельде бүгін екінші күн қатарынан донорлық конференция өтіп жатыр. БҰҰ мен Еуропалық Одақ ұйымдастырған жиынға әлемнің 85 елінен делегат қатысуда. Бірақ, Сирия үкіметі мен оппозиция өкілдері шақырылмаған. Есесіне, Сирия азаматтық қоғамының мүшелері белсенді. Шам еліндегі 13 млн. халық пен көрші мемлекеттердің босқындар лагеріндегі 7,5 млн. босқынға гуманитарлық көмек көрсету үшін БҰҰ осы басқосуда 8 млрд. доллар қаржы жинаудан үмітті.
Шараға Қазақстан тарапынан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді қатысып, елдің осы мәселеге қосып жатқан үлесі жайлы баяндама жасады. Халықаралық қауымдастық Қазақстанның Сириядағы ахуалды реттеуге арағайындық етуін жоғары бағалап отыр.
Мұхтар Тілеуберді, ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары:
Бүгін БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерреш, Еуропа Одағының Бас комиссары Федерика Могерини, БҰҰ арнайы өкілі Стефан де Мистура өз сөздерінде Астана процесі туралы айтып шықты. Одан басқа, біз Сирия халқына гуманитарлық көмек көрсетудеміз. Былтыр қаңтар айында Сирия халқына 500 тонна азық-түлік жеткізгенбіз. Түркия, Иордания, Ливан мемлекеттерінде соғыстан қашып жүрген сириялықтарға соңғы жылдарда 700 мың доллар сома көлемінде көмек көрсетілуде.
Нұрсұлу ҚАСЫМ