Қазақстан мен Грекия қатынасына - 25 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Грекия қатынасына - 25 жыл

25.10.2017

Қазақстан мен Грекияның дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына 25 жыл. Қос ел бүгінде сенімді серіктес қана емес, мызғымас дос. Саяси тұрақты, бейбітшілік салтанат құрған қазақ елімен Эллада мемлекеті байланысты бұдан да күшейтуге ниетті.

Қазақстан - Грекияның Орталық Азиядағы басты серіктесі. Біздің ел Эллада мемлекетіне мұнай өнімдерін, мыс, цемент, бидай мен тұз экспорттайды. Ал, гректер бізге пластик, дәрі-дәрмек, тері, тоқыма өнімдері мен электрондық құралдар тасымалдап отыр. Қарт құрлықтағы экономикалық дағдарыстың кесірінен екіжақты тауар айналымы былтыр 36 пайызға азайып, бар-жоғы 886 млн. долларды құрады. Тараптар енді осы олқылықтың орнын толтырып, алыс-берісті арттыруға ниетті.

Алексей волков, ҚР-дың Грекиядағы төтенше және өкілетті елшісі:

- Біз іскерлік қатынасты дамыту үшін салық жүйесіне жеңілдіктер енгізуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, құрылыс, медицина, инженерия саласында байланысты бекемдеуге мүдделіміз. Осы ретте, Грекия үкіметімен «Жаңа Жібек Жолы» дәлізі арқылы инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру да жоспарда бар.     

Иоаннис Аманатидис, Грекия сыртқы істер министрінің орынбасары:

- Осы жылдар ішінде екі елдің үкіметі барлық салада ынтымақты арттыруға күш салды. Дегенмен, біз білім және мәдениет саласындағы байланысты күшейтуіміз керек. Себебі, мәдениет - халықтарды жақындастыратын, достықты нығайтатын дипломатияның бір түрі.

Грекия үкіметі Күн сәулесін ғимараттар мен тұрғын үйлердегі суды жылытуға пайдаланып отыр. Яғни, елдің баламалы энергия көздерін дамытудағы тәжірибесін игеру бізге көптік етпейді. Ал, гректер Қазақстан халқы Ассамблеясына қызығып, өздерінде де дәл осындай институт құруды көздейді.

Ксени Димитриу, Грекияның бас прокуроры:

- Қазақстан бізді тың идеяларымен, өзге ұлттар мен діндерге ашықтығымен тәнті етті. Биыл Астанада болып, Пирамида ғимаратының төбесінде бейнеленген 130 көгершінді көріп, елдегі 130 ұлттың тату-тәтті тұрып жатқанына қанықтық. Бұл нағыз демократиялық мемлекетке тән қасиет. Қазақстан өз азаматтарының құқын қорғап, халқының бақытты өмір сүруі үшін барлық жағдайды жасап жатыр. Сондықтан, біз қазақ елімен достықты күшейткенді қалаймыз.

Қазір Қазақстанда 10 мың грек, ал, Грекияда біздің елде туып-өсіп, 90 жылдары тарихи Отанына оралған 60 мыңға жуық байырғы қандасымыз тұрып жатыр. Олар әлдеқашан екі ел арасындағы «алтын көпірге» айналған. Туған жерін, туыстарын сағынған гректер үшін қос үкімет алдағы уақытта Афинадан Астанаға тікелей қатынайтын әуерейсін ашуды көздеп отыр. 

 

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу