Үш жылдық бюджет мақұлданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үш жылдық бюджет мақұлданды

18.10.2017

Үш жылдық бюджет әлеуметтік төлемдерді толығымен орындауға негізделген. Бүгін Мәжіліс депутаттары 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын мақұлдады. Ол әлеуметтік экономиканың өсімін қамтамасыз етіп, негізгі бағдарламалық құжаттарды толық орындауға негізделіп отыр. Ал, Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Президенттің тапсырламаларын басшылыққа ала отырып, қазына қаржысын ысырап етпей, тиімді жұмсауымыз керек деді.

Бүгінгі талқылау өте қызу болды, Мәжіліс пен Үкімет бірлесе жұмыс істеп, ортақ қорытындыға келді. Бюджетке тікелей жауапты министрліктер депутаттарға қанша қаржы қайда, не үшін жұмсалатынын рет-ретімен баяндады. Келер жылы бюджет шығыстары 9 трлн. теңге болады. Басымдық әлеуметтің әлеуетін арттыруға жұмсалады. Бұл мақсатқа алдағы 3 жылға 13,4 трлн. теңге қарастырылса, денсаулық сақтау саласына алдағы жылы 1 трлн 77 млрд теңге, білім саласына 341 млрд, мәдениет пен спортқа 82 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінбек.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:

 - Алдағы үш жылда «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» секілді мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру үшін қазынадан 2,1 трлн теңге жұмсалмақ.

Мәжіліс депутаттары бюджетпен жұмыс барысында негізі әлеуметтік бағытты күшейту керек дейді. Ауызсу мәселесінде де түйіні көп түйткілдер бар. Егер қаржыландыруды ұлғайтпаса, елді мекендерді ауызсумен 100 пайыз қамтамасыз ету тек 43 жылдан кейін ғана болады.

Депутаттар Үкіметтің жұмысын ширату керек,- деді. Орны толмас олқылықтардың дер кезінде алдын алу керек.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

 - Тәжірибе көрсеткендей Үкімет жағдайдың алдын алу емес, керісінше мәселе туындағаннан кейін ғана шаралар қолдана бастайды. Бұл қысқа дайындық, көмірмен қамтамасыз ету, бензин және отандық өндірушілерді қолдауға қатысты.

Жуырда Қырғызстаннан жөнелтілген өнімдерді тексеру барысында сол өнімдерді Қазақстанға кіргізер кезде ешқандай қауіпсіздік талаптары сақталмайтыны анықталды. Бұл бүгінгі күннің ғана мәселесі емес. «Ақ жол» фракциясы мұндай импортты шектеу керектігін айтқан еді. Алайда, не Үкімет, не Қаржы министрлігінің жауапты органдары, Кеден қызметі де оған керекті деңгейде қараған жоқ.

Судың да сұрауы бар, жыл сайын миллиондап ақшаны жұмсаймыз оқытуға, қайта оқытуға жібереміз. Дегенмен, одан кәсібін ашып кететіндер көп болмай тұр.

Баға саясаты да өзекті. Халықтың әлеуметтік жағдайын реттеп, экономиканың тамырына қан жүгірту керек.

Владислав Косарев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

 - «Коммунистер» бірінші басшылардың жауаптылығын арттыру қажеттілігін қолдайды. Біздің ойымызша, бағаны тұрақтандырып, оны төмендету халықтың Үкіметке деген сенімін арттырады. Сіз айтқан үнемі жүргізілетін бақылау бұл пассивті позиция. Мемлекет басшысы сізге бұл құзыретті берді, енді сіз жедел сұрақтарды шешуде мемлекеттік бағдарламаларды қабылдай аласыз. Парламент сізге көмектесіп жүр, оған бүгін де көзіңіз жетті.

Үкімет қырғыз шекарасындағы контрабанда, көктемдегі су тасқыны сияқты жұмыстарды жаңа мүмкіндіктерді пайдалана отырып, экономиканы басқаруда нәтижелі жұмыс ұйымдастырасыздар деп үміттенеміз.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

 - Соңғы жарты жылдағы жетістіктерге тоқталатын болсақ, жалпы ішкі өнімнің 29,2 пайызы өнеркәсіпке тиесілі. Оның 11,9 пайызы өндеу өнеркәсібіне жатады. Мұнай мен тау-кен өндірісі ұлғайды.

Үш жылдық бюджетті талқылау барысында депутаттар Ұлттық қорға түсетін қаражатқа да назар аударды.

Артур Платонов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

 - Мұнай өндіру ұлғайып жатыр, оның бағасы да тұрақты, тіпті болжанғаннан жоғары. Яғни, ұлттық қорға түсімдер де ұлғаюы керек қой. Мұнай секторынан түсетін қаражат неліктен төмендемек?

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев 2020 жылға қарай 87 миллион тоннадан астам мұнай өндіру жоспарда бар екенін айтты. Қашаған сияқты кен орындары Ұлттық қорға салықты мұнайды кең көлемде сата бастағаннан кейін ғана төлейді. Келісім бойынша солай.

Жалпы, депутаттардың Үкіметпен бірлескен жұмысының нәтижесінде 22 млрд. теңге қалпына келтірілді. Олар әрине, мектеп салу, құрылыс, денсаулық сақтау нысандарын сейсмикалық күшейту, автожолдарды қалпына келтіру, сумен жабдықтауға бағытталды. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин бюджеттен бөлінген әр тиынды тиімді және мақсатты жұмсауымыз қажет деді.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысы бір күнге созылды. Бюджеттік жобаны терең талдап, сараптап, депутаттардың тарапынан айтылған барлық сын-ескертпелер есепке алынып, құжат мақұлданды. Сондай-ақ, жалпы отырыста «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодекс жобасы бірінші оқылымда қаралды.

Индира БЕГАЙДАР

 

Хабарламаларға жазылу