Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Шамалған ауылында бой көтерген "Үшқоңыр" спорт кешенінінің ашылуына қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Шамалған ауылында бой көтерген "Үшқоңыр" спорт кешенінінің ашылуына қатысты

20.06.2019

Қазақстанның Ұлттық Құрамасы үшін спортшыларды әзірлеуге қауқарлы ірі кешен жұмыс істей бастады. Алматы облысының Шамалған ауылында бой көтерген нысанды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ашты. Өйткені спорт кешені Тұңғыш Президенттің бастамасымен және қолдауымен салынған. Кешенде спорттың он алты түрі бойынша спортшы әзірлейтін үйірмелер бар. Нұрсұлтан Назарбаев сол залдарды аралап, ауылдастарын айтулы күнмен құттықтады. Тілшіміз Альбина Әшім әңгімелейді.

 

Тау көрінісін қайталайтын ғимараттың ерекше дизайны ауылдың көркін ашып тұр. Спорт  кешені алты гектарға жуық аумақты алып жатыр. Тұңғыш Президенттің туған жері Үшқоңырдың дәл етегінде бой көтерген кешенге осы төбелі қоныстың атауы берілді. Ғимараттың іргетасы 2017 жылдың қыркүйегінде қаланды. Нұрсұлтан Назарбаев екі жыл ішінде ауылға бірнеше рет келіп, құрылыс барысын өзі қадағалаған еді. Енді, міне, кешеннің ашылуына қатысып, қуанышты ауылдастарымен бірге бөлісіп жатыр.

Кешенде балаларды жүзуге үйрететін үйірме бар. Үлкен мен кіші бассейнге бір мезетте жүз алпыс адамға дейін түсе алады.

Сондай-ақ кешенде еркін күрес, дзюдо, бокс, волейбол, жеңіл атлетика, таэквондо мен үлкен теннис сынды олимпиадалық спорт түрлерінен және қосымша қол күресі, шахмат, самбо, қазақ күресі, баскетбол үйірмелері бар. Мекемеде қызмет ететін қырық бес жаттықтырушы екі мыңға жуық спортшы дайындап шығаруға қауқарлы.

 

Әйгерім Құсбекқызы, волейболдан жаттықтырушы:

 

Бүгін, міне, Шамалған ауылында өте керемет қуанышты күн болып жатыр. Қазіргі Жастар жылына өте керемет жаңалық болды. Балалар келеді. Болашақ чемпиондар осы жерде дайындалады деген үміттеміз.

 

Бұл кешеннен болашақ олимпиада жеңімпаздары түлеп шығатынына Нұрсұлтан Назарбаев та сенімді.

 

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы:

 

Біздің бала кезімізде осы жердегі топырақтың үстінде доп ойнайтынбыз. Керемет көк шөп үстінде мүмкіншілігіміз болмады. Қалай болса, солай. Ешқандай жағдай болмады. Әрине, сіздер үшін керемет мүмкіндік. Осындай мекемелер Қазақстанның барлық облыстарында, қалаларда, ауылдарда спорт кешендері керек. Себебі, біз мықты, қарқынды және күшті жастарды тәрбиелеуіміз керек. Дәл осы жерден чемпиондар шығады деп есептеймін.

 

Елбасы жерлестерімен кездесуде "Туған жер" бағдарламасының арқасында осындай ел мерейін өсірер мекемелер бой көтеріп жатқанын атап өтті. Бұл кешен де осы игі бастаманың жемісі. Елбасының қолдауымен салынып, іске қосылған кешен мыңдаған адамның салауатты өмір салтын ұстануға сеп болады.

 

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы:

 

Шынықсаң, шымыр боласың.! Қазіргі дүниенің бәрі күшті, денсаулығы мықты адамдардың қолында. Тек осындай адамдар табысқа жете алады. Еңбектеніп, отбасын асырап, мемлекетке көмектесіп. Мен Қазақстан бойынша "Туған жер" деген үндеу тастадым.  Қалталы азаматтар өз ақшасын шығарып, туған ауыл, аудан, облыстарында осындай мекемелер салып жатыр. Балабақшалар, мектептер, ауруханалар. Біз де өзіміздің отбасымызбен, туыстарымызбен қосылып, Шамалған ауылына сый жасап жатырмыз.

 

Кешеннен болашақ бокс жұлдыздары да түлеп шығатынына күмән жоқ. Өйткені тәжірибелі ескі мектепке жаңа мүмкіндіктер жол ашуы тиіс. Ауыл түгіл, қала тұрғындары қызығарлық кешенге жаттықтырушылардың риза болғаны соншалық, нысанның ел ішінде "теңдесі жоқ" деп тебіренді.

 

Азамат Нұркеев, бокстан жаттықтырушы:

 

Мынадай ауданда, тіпті, Қазақстанда мынадай дәрежеде спорт кешені жоқ. Алматы облысының бокс мектебі мықты. Қазір Жәнібек Әлімханұлы, Айдос Ербосынұлы шығып жүр.

 

Туған жеріне тағзым етіп, ауылдастарымен арқа-жарқа болған Елбасы салтанатты шарадан соң жас спортшылармен әңгімелесті.

Шамалғанның ғана емес, Қазақстанның да тұғырын биіктету – енді осы ұрпақтың парызы. 

 

Альбина Әшім, тілші:

 

Бұл алып спорт кешенінің игілігін Шамалған ауылының ғана емес, жақын маңайдағы барлық елді мекендердің тұрғындары көретіні анық. Іштегі үйірмелерден бөлек, аулада жүгіруге және футбол ойнауға арналған алаңдар бар. Кешен ашыла салысымен, ауылдың балалары ойынға кірісті.

 

Альбина ӘШІМ

Хабарламаларға жазылу