Грозныйдан келген шешендер қазақ халқына алғысын білдіру үшін Үржар ауданына арнайы ат басын бұрды
Қазақ халқына мың алғыс! Кезінде депортацияға ұшыраған кавказ халқының аштық пен жоқтықтан құрып кетпеуі қазақ ұлтының арқасы. Шығыс Қазақстандағы Үржар ауданына арнайы Грозныйдан келген бір топ шешен ұлтының өкілі осылай дейді. Кезінде әке-шешелері күштеп қоныс аударылған өлкеге арнайы ат басын бұрған қонақтар ауыл жұртшылығымен кездесіп, ата-бабаларына ас беріп, қазақ халқына алғыстарын айтты.
1944 жылы Қазақстанға Кеңес үкіметінің пәрменімен 500 мың шешен мен ингуш ұлтының өкілдері депортацияланған. Сол жылдары Магомед Мусаевтың әке-шешесі де Шығыс Қазақстандағы Үржар ауданы Қазымбет ауылына жер аударылыпты. Саясаттың құрбанына айналған аталарын еске алып, қазақ халқына алғыс айту үшін, ағайынды Мусаевтар Үржар өңіріне арнай келді.
Магомед Мусаев, Қостанай қаласының тұрғыны:
Қоныстанған кезде көпшілігі жолда суық пен аштықты көтере алмай қырылған. Бірақ біздің әкелеріміз осы өлкеге, осы ауылға келіп қазақтардың арқасында аман қалыпты. Сондықтан, туысымыздай болып кеткен ауылдастарға алғыс айту үшін арнайы келдік. Әрине бәріне еске алу өте ауыр.
Грозныйдан келген қонақтарды Қазымбет ауылының тұрғындары туғандарындай қарсы алды. Көз көргендер тарихты еске алып, естеліктер айтылды. 1944 жылы Шешенстаның Алхозуров өлкесінен 40 отбасы осы Қазымбет ауылына көшірілген. Жәкен Еділбаев ақсақал ол кезде 14 жаста болыпты. Тарихи ауыр оқиға әлі күнге көз алдымда, -дейді.
Жәкен Еділбаев, Қазымбет ауылының тұрғыны:
Осында түсіріп жатқанда, қар кетіп жатқан. Ол уақытта машина да жоқ. Жаяу жалпылы алып келді. Киімдері де кейбіреуінің үстінде жоқ. Сонда жылап сықтап көшеде біз қарсы алып тұрмыз. Содан үйді үйге бөліп оларды. Мен айтып отырмын ғой, жеп отырған бір түйір талқанын, бір уыс бидайын бөлісіп жеп, осы бір шешен шетінеген жоқ. Аштан өлген жоқ.
Жәкен ақсақалдың әке шешесі Мусаевтар отбасын өздері тұрып жатқан екі бөлмелі үйдің, бір бөлмесіне қоныстандырған. Ауыл тұрғындары түгелдей жер аударылған әр отбасын осылайша бауырына басқан.
Хамзат Хаджиев, Грозный қаласының тұрғыны:
Қазақтардың өзінің де сол кезде тұрмысы нашар болса да, бір түйір нанмен бөлісті. Сондықтан біз шешен ұлты, репресияға ұшыраған барлық ұлттар корей, неміс пен украиндар атынан да алғыс айтамыз.
Ноха Мусаев, Грозный қаласының тұрғыны:
Әке-шешеміз осы өлке жайлы үнемі айтып отыратын. Сол жылдары көрген қиыншылықтарын жиі еске алатын. Ауылды бірінші рет көрсем де, әкемінің әңгімелері арқылы таныспын. Сондықтан мен осы қазақ жеріне келуді талайдан бері армандап жүрдім. Арманым орындалды, туыстарымды көргендей болып тұрмын.
Қазақ ауылына қоныс аударылып аман қалған Мусаевтардан 9 бала тараған. Үлкендері Магодем Қостанай өңірінде, қалған бауырлары Шешенстанда тұрады. Алайда, Қазақстанды екінші Отаны санайды. Биыл олар Үржар өңіріне алғаш келді. Енді байланысты нығайтып, екі елдің арасындағы достықты бекемдей түсу үшін жыл сайын қонаққа келіп тұрмақ.
Ержан ЖАҚЫП
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
