Лондон - Нұр-Сұлтан велошеруіне қатысушылар Нидерланд Корольдігіне жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Лондон - Нұр-Сұлтан велошеруіне қатысушылар Нидерланд Корольдігіне жетті

08.05.2019

Қазақ географиялық қоғамының өкілдері 29 сәуірде Ұлыбритания астанасынан жолға шыққан болатын. Лондон мен Брюссельден кейін велошабандоздар бүгін Голландияның Гаага қаласына табан тіреді.

8 адамнан құралған команданы еліміздің осы мемлекеттегі елшілігінің қызметкерлері, қазақстандық студенттер мен әйгілі велосипедші Жак Ханеграаф қарсы алды. Нидерландтың екі дүркін чемпионы қазақстандық велошерушілерге ыстық ықыласын білдіріп, сары жейдесін сыйға тартты. Спортты жанына серік еткен қыз-жігіттер екі айдың ішінде 7 мемлекет пен 50 қаланы араламақ ниетте. Жастар барлығы 6 мың шақырымды бағындырып, 6 шілдеде Нұр-Сұлтанға жетуді көздеп отыр.

Дәулет Омаров, велошерудің көшбасшысы, Қазақ географиялық қоғамының жобалар менеджері:

- Мақсатымыз - Қазақстанды басқа елдерге таныстыру және Қазақстандағы велотуризмді насихаттау.

Жак Ханеграаф, велоспорттан Нидерландтың екі дүркін чемпионы:

- Елші мырзаға жастарды қолдауға шақырғаны үшін алғысым шексіз. Лондоннан Қазақстанға жолға шыққан велошабандоздармен кездесу мен үшін үлкен құрмет. Голландия велосипедшілер қауымдастығының атынан велошеруге қатысушыларға сәттілік, елдеріне аман-есен жетуді тілеймін.

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу