Нұрсұлтан Назарбаев - жоғары құрметке лайық - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұрсұлтан Назарбаев - жоғары құрметке лайық

20.03.2019

«Әлемдегі бейбітшілікті нығайтуға қосқан үлесі үшін Нұрсұлтан Назарбаев Нобель сыйлығына әбден лайық жан». Бұл Еуропа саясаткерлерінің пікірі. Ел мен елді елдестіріп, қырғи-қабақ болған тараптарды бейбіт бітімге шақырған Қазақстанның тұңғыш Президентіне шетелдік сарапшылардың құрметі ерекше. Ширек ғасыр ішінде Қазақстанның, Н.Назарбаевтың сенімді серіктесінен мызғымас досына айналған сақа саясаткерлер ыстық лебіздерін білдіріп жатыр.

96 жастағы француз саясаткері Ролан Дюма Н.Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанды аяққа тұрғызу үшін қалай тер төккенін бес саусағындай білетіндердің бірі. Өзі де Франция Конституциялық кеңесінің төрағасы болған тұста Егемен Қазақстанның Ата заңын жасауға ат салысты. Сыртқы істер министрі ретінде де қазақ-француз қатынасының жандануына күш салды. «Таспен ұрғанды-аспен ұр», деген қазақтың мақалын үнемі жадында ұстайтын дипломат Н.Назарбаевтың әзілмен-ақ талай істі тындырғанына куә болыпты.

Ролан Дюма, Францияның бұрынғы сыртқы істер министрі, қоғам қайраткері:

Қазақстанға алғаш сапарым әлі есімде. Дастархандағы қойдың басын бірінші рет көруім. Президенттеріңіз: «мына дәмді тіл, құлақтан ала отырыңыздар», деп әзілдей келе, бізге «мықты Конституция жасау керек», деген талап қойды. Кейін маған Президент Франсуа Миттеран «сен атқарған жұмыстың нәтижесінде Н.Назарбаевпен достық қатынас орнады», деп алғыс білдірді.

Ол уақытта, Қазақстанға қос алып держава Ресей, Қытаймен тату көрші бола отырып, Еуропамен де байланысты нығайту, жалпы халықаралық қатынастарды дамыту қажет болды. Кемеңгер басшының салиқалы саясатының арқасында діттеген мақсатқа қол жетті. Н. Назарбаев - ұлы Президент және тарихта та кемеңгер тұлға, көрегенді басшы ретінде қалары сөзсіз. 

Н. Назарбаевтың кемеңгерлігіне тәнті жанның бірі - Романо Проди. Қазақстанға алғаш 1997 жылы Италияның Премьер-министрі кезінде сапарлапты. Кейін Еуропалық комиссияға төрағалық еткен тұста да талай барған.«Қазақтың тұңғыш Президенті өзі кепіл бола отырып, Италия, Еуропадан елге қыруар инвестиция тартты. Бүгінгі жетістіктер-сол тынымсыз еңбектің жемісі»-дейді Романо Проди.

Романо Проди, Италияның бұрынғы премьер-министрі, саясаткер:

Қазақстан АҚШ, Ресей, Қытай, Еуропа сынды алып мемлекеттермен тепе-теңдікті сақтай отырып, ешкімнің көмегінсіз барлық салада реформалар жүргізіп, алға қарай адымдап келеді. Астананың гүлденуі, ел халқының мамыражай өмір сүруі, қазақ елінің бүгінде әлемге әйгілі болуы - Нұрсұлтан Назарбаевтың  арқасы.

Осы елорданы Алматыдан Астанаға көшіру-ұтымды шешім болды. Қазақстан  Президентінің идеясына күмәнмен қарағандар болғанын білемін. Қазір  қараңызшы. Қаланың сәулеті қандай керемет. Бір-біріне ұқсамайтын жаңа стильдегі ғимараттар көздің жауын алады. Мен әр барған сайын қала адам танымастай өзгереді. Бас қала, Қазақстан әрі қарай қарқынды дами берсін.

Сақа саясаткерлер Н. Назарбаевпен достасу бақыты бұйырғанына разы. Әркез елдің, ұлттың мүддесін ойлайтын тұңғыш Президентке халқы қандай құрмет көрсетсе де жарасымды-дейді саясаттың саңлақтары.

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу