Швециядағы қазақ жастары қауымдастығы Астананың 20 жылдығына орай өткен байқауда жеңімпаз атанды
Швециядағы қазақстандық жастар қауымдастығы Астананың 20 жылдығына орай, қала әкімдігі ұйымдастырған «Менің Астанам» атты байқаудың жеңімпазы атанды. Қауымдастық «Астананың 20 қыры» тақырыбына шетелде түсірілген үздік бейнебаян номинациясы бойынша 1-орынды иеленді. Елордадан жеткен кәдесый, мақтау қағазы мен ақшалай сыйлықты жеңімпаздарға еліміздің Швециядағы елшісі Дастан Елеукенов табыстады. Осыдан бір жыл бұрын құрылған жастар ұйымының бүгінде 100-ге жуық мүшесі бар. Швецияның беделді оқу орындарында оқитын, жұмыс істейтін қазақстандық жастардың көздегені - елдің абыройын Швецияда, Еуропада арттыру.
Шолпан Айнақұлова, Швециядағы қазақстандық жастар қауымдастығының мүшесі:
- Әрқайсымыз «Скансен» деген ашық аспан астындағы музейге барып, кәдімгі телефонмен шведтерді қалай қазақша сөйлетсек екен деген ой келді. Сол жерде әр сөзді бөлек-бөлек кадрмен түсірдік, кейбіреулер тілге өте жүйрік болды.
Айдана Бекбергенова, Швециядағы қазақстандық жастар қауымдастығының төрайымы:
- Елшілікке алғысымыз шексіз. Өйткені, осы байқауға қатысу жайлы ұсыныс елшілік тарапынан түскен болатын. Біз бейнебаянның әсерлі шығуына бар күш-жігерімізді салдық. Жеңімпаз атанғанымызға қуаныштымыз. Бұл жеңіс бізді одан сайын қанаттандырды. Алдағы уақытта Швецияда қазақ фильмдерінің көрсетілімін жасап, елдің бай мәдениетін паш ететін көрме, жәрмеңкелер ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.
Нұрсұлу ҚАСЫМ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
