«Қазақстанға барсам, Астананы көрсем, атқа мінсем». Бұл бельгиялықтар асырап алған қаракөздеріміздің арман-тілегі. «Кішкентай ғажайып» деп аталатын ұйым жылда жат жерде тәрбиеленіп жатқан балғындардың басын қосып, арнайы мереке ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған. Агенттік, биылғы басқосуды мемлекетіміздің Бельгиядағы елшілігімен бірігіп өткізді.
Салтанат пен Аида Бельгияға Қазақстаннан асырап алынған тұңғыш қыздар. Семейдегі балалар үйінен 1,5 жасында әкелінген олар жақында 20-ға толды. Бірі логопед, екіншісі медбикелікті оқып, өзінен кейін келген іні-сіңлілеріне қамқор болып жүр. Қара көзі мөлдіреп, тұлымшағы желбіреген тағы 433 қазақстандық тастанды бала тұрып жатыр қазір мұнда.
Әлібек Йан Де Мондт:
-Мен қазір 14-темін. 1 жасымда Ақтөбедегі балалар үйінен асырап алған. Туған қалама, еліме саяхаттап, әдемі жерлердің бәрін асықпай аралағым келеді. Қазақстаннан екенімді үнемі мақтанышпен айтып жүремін.
Сергей Вальтер:
- Осыдан 4 жыл бұрын Александр Винокуров маған қолтаңбасы жазылған футболкасын сыйға тартқан болатын. Туған жерімнен келген ең қымбат сыйлық сол. Достарымның бәрі қызығады. Қазақстанға барып, Винокуровтың өзімен кездескім келеді. Жалпы, арманым-ұшқыш болу. Бәлкім, «Эйр Астана»компаниясына жұмысқа тұрып қалармын.
Бельгияның түкпір-түкпірінде тұратын қазақстандық асыранды балалар жылына бір мәрте ұйымдастырылатын осы кешті асыға күтеді. Себебі, бұл қандас, жерлестердің бір-бірімен алаңсыз сырласып, сағыныш мауқын басатын күн. Бала сүю бақытынан айырылған бельгиялық ерлі-зайыптылар қаракөздерімізді кезінде «Кішкентай ғажайып» деп аталатын агенттік арқылы асырап алған. Агенттік қызметкерлері әр баланың басқан қадамын жіті бақылап отырғандарын айтады.
Аннеми Паскойзе, «Кішкентай ғажайып» агенттігінің үйлестірушісі:
-Біз осы уақытқа дейін дені сау балаларды асырап алып келгенбіз. Енді, Қазақстандағы заңдарға өзгертулер енгізіліп, біз тек есту қабілеті нашар, жүрегінің ақауы бар, мүмкіндігі шектеулі, яғни, ауру балаларды ғана асырап ала аламыз. Бірақ, соған қарамастан Қазақстаннан бала асырап алғысы келетіндер жетерлік. Өйткені, қазақ балалары өте әдемі, ақылды, дарынды, еңбекқор, өр мінезді, кез келген ортаға тез бейімделеді.
Расында, бельгиялықтар жәудіркөздерді жанынан артық бағалап, бар жағдайын жасап отыр. Осыған көз жеткізіп әрі балғындармен кездесу үшін Қазақстанның Бельгиядағы елшісі Айгүл Құспан мен елшілік ұжымы да мерекеге арқаланып келіпті. Балғындар өздеріне арнайы пісірілген бауырсақ пен самсадан дәм татып, жерлестерінің іздеп келгеніне қуанды. Сонан соң, қаракөздер күйші Мұрат Әбуғазы мен жыршы Ұлжан Байбосынованың концертін тамашалады. Домбыраның қоңыр үні жат болып бара жатқан бүлдіршіндердің санасында ұйықтап жатқан бір түйсікті оятқандай болды.
Нұрсұлу ҚАСЫМ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.