Қазақстан мен Грекия екіжақты қатынасты күшейтуге мүдделі. Бұл туралы тараптар Афинада өткен экономикалық және технологиялық ынтымақтастық жөніндегі қазақ-грек үкіметаралық комиссиясының 4-ші отырысында мәлімдеді. Жиынға екі елдің барлық сала бойынша министрлерінің өкілдері қатысып, екіжақты сауда-экономикалық байланысты нығайтудың жолдарын талқылады. Бірқатар келісімге қол қойды.
Қазақстан мен Грекия дипломатиялық тұрғыда мызғымас дос. Бірақ, қарт құрлықтағы экономикалық дағдарыстың кесірінен екіжақты алыс-беріс соңғы жылдары сәл бәсеңсіп қалған. Биылғы жеті айда өзара тауар айналымы 20 пайызға өсіп, қос тараптың сауданы жаңғыртуға мүмкіндігі артты. Қос елдің үкіметаралық комиссиясының өкілдері тағы біраз салада байланысты бекемдемек ниетте.
Георгиос Катругалос, Грекия сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары:
- Екі ел үшін де екіжақты қарым-қатынасты дамыту бойынша қарқынды жұмыс жүргізу маңызды. Сауданы күшейтіп, көлік, энергетика саласында, сондай-ақ, энергияның баламалы көздерін дамытуда Қазақстанмен ынтымақты арттырсақ дейміз.
Грекия үкіметі қазақ еліндегі мемлекеттік бағдарламаларға, «Астана» қаржы орталығының жұмысына білек сыбана қатыспақ. Қазақстан-бүгінде ірі нарықтарды түйістіретін алтын көпір. Осы көпір арқылы грек кәсіпкерлері Еуропадан Азияға тауарын тасымалдап, «Бір белдеу, бір жол»жобасының игілігін көрсек дейді. Біздің де гректерден аларымыз көп.
Роман Василенко, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:
- Біз Грекия тарапымен энергетика және аквамәдениет, яғни балықтарды өсіру тәжірибесін игеру бойынша іскерлікті арттырмақпыз. Қазір грек компаниялары Қазақстанда Күн электр станцияларына арналған фотоэлектрлі кешендерді дайындау, кірпіш шығару бойынша инжиниринг сияқты салаларда табысты еңбек етуде. Яғни, өзара тәжірибе алмасу әлеуеті әлі де жоғары.
Жиын соңында тараптар қызметтік паспорт иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қою бабы енгізілген үкіметаралық комиссиясының хаттамасына қол қойды. Сондай-ақ, туризм саласында ынтымақты арттыру туралы меморандумды бекітті. Енді, қазақ үкіметі жылына 20 млн. турист келетін Грекияның тың тәжірибесін игеретін болады.
Нұрсұлу ҚАСЫМ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.