Көзі нашар көретін және мүлде көрмейтін зағип жандар велосипедпен Астанадан тамыздың басында жолға шыққан болатын. 16 адамнан құралған команда 36 күн дегенде көздеген мақсаттарына жетіп, Франция астанасы Парижге табан тіреді. Жерлестерімізді еліміздің Франциядағы елшілігінің ұжымы, қазақ диаспорасының өкілдері мен қазақстандық студенттер ерекше қошеметпен қарсы алды.
Париждегі «Салтанат қақпасының» алдына жиналған велошабандоздар Франция жұртына Қазақстанды жарнамалап, жол бойы бастан кештен қызықтарымен бөлісті. Олар бір айдан астам уақыт ішінде Ресей, Беларусь, Польша, Германия мен Францияны аралап, 5 мың шақырымды бағындырды.
Жан Ғалиев, ҚР Франциядағы төтенше және өкілетті елшісі:
- Мен де спортшыларымызға қолдау көрсетіп, әрі олардың сапарда қандай сезімде болғанын сезіну үшін шешуші кезеңде олармен бірге велосипедпен жүріп өттім. Бұл ауыр сынақ. Бірақ, қыз-жігіттеріміз ешқандай қиындықтарға мойымай, мақсаттарына жетуге бар күш-жігерлерін сарп етті. Олардың ерлігі-бәріміз үшін үлгі.
Кенжеғұл Сейітжан, велошеруге қатысушы:
- Қазақстандықтарға, дүниежүзі бойынша қолдаған азаматтарға рахметімді білдіргім келеді. Сіздердің бізді қолдаған әдемі сөздеріңіз осы Парижге жетуге күш берді.
Нұрсұлу ҚАСЫМ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.