БҰҰ сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес конгресін 2025 жылы елордада өткізуге ұсыныс білдірді
Халықаралық қауымдастық қазақ елімен жемқорлыққа қарсы күресте ынтымақты арттыруға ниетті. Ал, БҰҰ басшылары кеселдің алдын алу, күресуге бағытталған конгресті Қазақстанда өткізуге ұсыныс жасады. Мәртебелі ұйымның сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясының қалай орындалып жатқанын баяндау үшін жаһан жұрты Венада бас қосты. Отырысқа қазақстандық делегация да қатысты.
Нұрсұлу Қасым, тілші:
- Халықаралық валюта қорының мәліметінше, осы сыбайлас жемқорлықтың кесірінен, жылына әлемдік ішкі жалпы өнім 2 пайыз, яғни, 2 триллион АҚШ долларын жоғалтады екен. Әлеуметтік кеселдің тамырына қалай балта шабуға болады? БҰҰ сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясына қатысушы 150-ден астам елдің өкілдері Венада осы мәселені талқылап жатыр.
Өрмекшінің торы сияқты жер жиһандағы елдердің бәрін шырмап алған жемқорлықпен күресу үшін БҰҰ 2003 жылы конвенция қабылдады. Қарардың талаптары қалай орындалып жатқанын әр ел жыл сайын баяндап отырады. Қазақстанның конвенцияға қосылғанына биыл 10 жыл. Осы уақыт аралығында ел заңдары халықаралық стандарттарға сай өзгертілді. Үкімет мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын 2,5 есеге көбейтіп, жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыруға барын салып жатыр.
Олжас Бектенов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары:
- Қазіргі кезде барлық мемлекеттік қызметтерді алсақ оның 78 проценті электрондық форматта көрсетіліп жатыр. Бұл тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюға үлкен қадам деп айтуға болады. Биылғы БҰҰ ашық электронды үкімет рейтингінде Қазақстан 193 елдің арасында 25-орын алды. Бұл үлкен жетістік деп ойлаймыз.
«Transparency international» ұйымының жемқорлықты қабылдау индексінде былтыр Қазақстан 9 орынға жоғарылап, көрсеткішті біршама жақсартты. «Бұл 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясының тиімді жүзеге асуының дәлелі» деген халықаралық қауымдастық өкілдері бізбен осы салада ынтымақты бекемдеуге бейім. Австриядағы халықаралық жемқорлыққа қарсы академия басшылығы да қазақ студенттерін оқытып, өзара тәжірибе алмасуға құлшынып отыр.
Мартин Кройтнер, Халықаралық жемқорлыққа қарсы академия ректоры:
- Біз Қазақстанның Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен мамыр айында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойғанбыз. Соның аясында, тренингтер өткізіп, сіздердің студенттеріңізді осы жерде оқытып жатырмыз. Жалпы, жемқорлыққа қарсы күрес жүргізудегі білімімізбен, озық тәжірибемізбен, ғаламдық жүйемізбен бөлісуге дайынбыз.
Жемқорлыққа қарсы күрес жүргізетін кәсіби мамандар дайындап, ғылыми зерттеулер жүргізумен айналысатын академия келесі жылы Астанада үлкен конференция ұйымдастыруды көздеп отыр. БҰҰ Венадағы өкілдігінің басшылары да сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес конгресін 2025 жылы елордада өткізуге ұсыныс білдірді. Тағы бір жағымды жаңалық, еліміздің Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері енді Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының сарапшылар пулына қабылданады.
Нұрсұлу ҚАСЫМ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
