Отар әскери базасы Мәтібұлақ полигонында халықаралық Армия ойындары оқу-жаттығуы басталды. Армия ойындарында бүгін елімізбен қатар, Армения, Әзірбайжан, Беларусь, Қытай, Ресей және Иран елдері де жалауын желбіретті. Оған әлемнің 33 мемлекеті қатысып жатыр.
Армия ойындарының ашылуында әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтарға қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері көрсетілді. Елімізде Армия ойындарының «Артилериялық оқ ату шеберлері», ұшақсыз ұшу апаратты есептоптарының «Сұңқар аңшылығы» және әскери байланысшыларының «Сенімді қабылдау» сайыстары өтеді. Оған 12 мемлекеттен сайдың тасындай іріктелген сарбаздар келді.
Сәкен Жасұзақов, ҚР Қорғаныс министрі:
- Бүгінде халықаралық армия ойындарын өткізудің өзіндік игі дәстүрі қалыптасты. Біздің елдердің әскери қызметшілер ойындар шеңберінде қарым-қабілетін шыңдап, кәсіби деңгейін арттыруда. Биылғы Армия ойындарына келген меймандарға шексіз ризашылығымызды жеткізіп, Армия ойындарына қатысушы командаларға тек табыстар тілеймін.
«Артилериялық ату шеберлері» жарысын Қазақстан мен Тәжікстан құрама командалары бастады. Бұл жерде командалар жорықтық кедергіден өтеді. Одан кейін пулеметпен, минометпен атады, ал, үшінші сайыста қол гранатасымен, автоматпен нысананы көздейді. Егер нысанаға тигізе алмаса, онда айып алаңына жіберіледі.
Сайысты алғаш ашқан қос команда да өздерінің ептіліктерін танытты. Ату шеберлігінен біздің жігіттеріміз мергендіктерін көрсетті. Ал, Тәжікстан артиллеристері нысанадан мүлт кеткендіктен, айып алаңын бірнеше рет айналып, уақыт бойынша да, ату дәлдігі бойынша да қалып қойды. Сондықтан, Қазақстан командасы жарыстың бірінші күні суырылып алға шықты.
Зимбабве елінің командасы биыл екінші рет қатысып отырғандықтан, қазақ жерінің, желінің жайын жақсылап меңгерген. Өйткені, артиллеристер алыс қашықтықты нысанаға алатын болғандықтан, олардың мүлт кетуіне осы желдің өзі себепкер болады. Сондықтан, олар биылғы жарысқа тыңғылықты дайындалған.
Факт Машова, Зимбабве командасының жетекшісі:
- Біз Армия ойындарына Зимбабведен келдік. Өткен жылы қатысқандықтан, өз қателіктерімізді білеміз. Қару-жарақты қолдануда кемшіліктеріміз болды. Биыл сол қателіктерге жұмыс істеп, жеңіспен қайтуды көздеп отырмыз.
Армия ойындарына қатысатын мемлекеттердің қатары жыл сайын көбейіп келеді. Соған сай әскери ойындардың да түрлері артқан. Сайыс кезінде командалар бірлесіп әрекет етеді. Себебі, дәстүрлі ойындар халықаралық әскери ынтымақтастықты нығайтып, бейбітшілік пен түсіністіктің кепіліне айналып отыр, дейді әскерилер. Бұл халықаралық Армия ойындары 9 тамызға дейін жалғасады.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.