Астананың 20 жылдық мерейтойынан әлемдік БАҚ арнайы хабар таратуға дайындалуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астананың 20 жылдық мерейтойынан әлемдік БАҚ арнайы хабар таратуға дайындалуда

05.06.2018

Арасында Испанияның «EFE» агенттігі де бар. Қазір «Қазақстан, Астана» десе, испаниялық кәсіпкерлер де елең ететін болған. Корольдіктің «TYPSA» компаниясы елорданы «Smart City», яғни, «ақылды қалаға» айналдыруға барын салмақ.

Астана халықаралық әуежайы мен «Нұрлы жол» теміржол вокзалы арасында жақында дәл осындай жүйрік пойыздар жүйткиді. Испанияның «TYPSA» компаниясы жобаның қағаздағы нобайын жүзеге асыруға барын салып жатыр. Кәсіпорын бұған дейін елордада «ақылды бағдаршам» енгізіп, көлік кептелісін реттеуге көп үлес қосып еді. Енді интеллектуалды, қауіпсіз көлік жүйесін қалыптастыруды көздеп отыр.

Антонио Кастельянос, «TYPSA» компаниясының басқарушы директоры:

- Астана қаласы соңғы жылдары адам танымастай өзгерді. Мен алғаш шаһарға 2000 жылы келдім. Қысы суық болса да, бірден ұнатып, өз кәсібімді осы қалада көркейтемін деп шештім. Сөйтіп, қаланың «Бас көлік жоспарын жаңарту» жобасын жүзеге асырудан бастадық. Астана халқының қозғалысын жеңілдетуге арналған жобамыз көп. Одан бөлек, университеттерді дамыту, демалыс орындарын, туристік мекендер, жолдар салып, елдеріңізде тағы қандай салаға қаржы құюға болатынын қарастырып жатырмыз. Негізі, қысқа мерзім ішінде Орталық Азияда осындай керемет шаһар тұрғызу - ерлікке пара-пар.

Астананы журналист Джеймс Руссо өз көзімен екі жыл бұрын көріпті. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне қатысып, артынша ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы жайлы Испанияның халықаралық «EFE» агенттігіне деректі фильм әзірлеген. Шаһарда бір апта түсірілім жасаған тілші Астананың құдіретіне бас игенін айтады.

Джеймс Руссо, «EFE» агенттігінің журналисі:

- Астана маған қатты ұнады. Сәулеті ерекше, әдемі қала. Халқы өте қонақжай. Мен қазақ, орыс тілдерін білмегендіктен, ақпаратты қалай жинаймын деп қобалжып едім. Сөйтсем, жергілікті тұрғындар  ағылшын тілінде керемет сөйлейді екен, қатты таңқалдым. Қазақ елінің барлық салада қарқынды дамып келе жатқанына көз жеткіздім. Елдеріңіз 2050 жылға қарай дамыған 30 мемлекеттің қатарына еш күмәнсіз кіреді деген сенімдемін. Астананың мерейтойымен қала тұрғындары мен барша қазақстандықтарды алдын ала құттықтаймын.

Джеймс Астананың 20 жылдығына арнайы келіп, деректі фильм жасамақ. Испаниялықтар әсем қала жайлы білсін, көрсін, сапарласын деген ниетпен. Ал, «TYPSA» компаниясының өкілдері мерейтой қарсаңында «Smart City» бағдарламасы аясында тағы бір тың жобаның тұсауын кеспек.

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу