Бельгияда аудиокассета коллекционері тұрады
Еуропада аудиокассеталарға сұраныс арта бастады. Компакт дискілер пайда болған 90 жылдардың соңында өндірісі тоқтап, сатылымнан шығарылған үнтаспалар қайта жаңғырды. Бельгияда сол ескі үнтаспаларды жинап, келешек ұрпаққа сақтаумен айналысып келе жатқан коллекционер тұрады. Енри Дебайдың топтамасын тілшіміз Нұрсұлу Қасым көріп қайтты.
Достары әзілдеп Енри Дебайға «кассетмен»деп ат қойыпты. Оның киетін киімдері, тұтынатын ыдыстары, тіпті жиһазына дейін кассетадан жасалған. 80-ші жылдардың басында дүниеге келген жігіт бала кезінен үнтаспа тыңдап өскен. Жаһанданумен бірге аудиотехниканың түр-түрі шықса да, Енри кассетаны ештеңеге айырбастағысы жоқ.
Енри Дебай, коллекционер:
- Басында кассетаны сатып алып жүрдім. Қалтама салмақ түсе бастаған соң, ғаламтор арқылы хабарландыру беріп, адамдардан керек емес ескі үнтаспаларды жинауға көштім. Себебі, көбісі кассетаны керек етпей құр қоқысқа тастай салады. Менің мақсатым- соны қоқысқа тастап, өртетпей, сақтап қалу. Келешек ұрпаққа естелікке қалдыру.
Әйгілі Битлз, Роллинг Стоунз, сырлы әндерімен талай қыздың жүрегін жаулаған Жак Брельдің алғашқы үнтаспаларын осы жерден табуға болады. Еуропа, Америка әншілерінен бөлек мұнда үнді, қытай, жапон эстрадасы жұлдыздарының альбомдары да тұр.
Нұрсұлу Қасым, тілші:
- Бұл жерде қазір 33 мың кассета бар. Бірақ, өкінішке орай, қазақша ешқандай кассета таппадық. Салон иелері, болашақта мынадай ескі кассетаға жазылған қазақтың ән-күй, жырлары болса бізге өткізіңіздерші деген тілектерін білдірді. Келесі келгенде соны әкеліп беруге уәде еттік.
Себастян Геслинг, Волхейн тұрғыны:
- Бұл жоба бізді өткен шағымызға қайта оралтты. Мен ескі әншілердің жинағын осы жерден келіп, құмарым қанғанша тыңдаймын. Бұл керемет естелік. Балаларым да қызығып, үйде музыканы кассетадан тыңдап жүр.
Кассетаны айналдыратын арнайы құрылғы, «Soni» компаниясы шығарған алғашқы диктофон, магнитофондардың да бірнеше түрі сөреде самсап тұр. Маңдай термен жиналған қап-қап кассетаны көпшілікке көрсету үшін коллекционер үлкен мұражай ашуды көздейді. Сол мұражайға қоятын ұлттық әндер топтамасын қазақстандықтар жинап береді деген үмітте Енри.
Нұрсұлу ҚАСЫМ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
