Басты Жаңалықтар Балет өнерінің жарық жұлдызы Ерік Мұрзағалиев Еуропа төрінде қазақтың абыройын асқақтатып жүр

Балет өнерінің жарық жұлдызы Ерік Мұрзағалиев Еуропа төрінде қазақтың абыройын асқақтатып жүр

«Өнерліге өріс кең». Нағыз талант төрткүл дүниеге танылады. Сондай жанның бірі — жерлесіміз, балет өнерінің жарық жұлдызы Ерік Мұрзағалиев. Алматы хореографиялық училищесінің түлегі бүгінде Еуропа төрінде қазақ балет мектебінің, қазақтың абыройын асқақтатып жүр.

Қимылы әсем, арғымақ мүсінді қазақ жігітін қарт құрлықтағы балет театрының майталмандары алғаш 14-жасында байқап, Швейцарияға тәжірибе алмасуға шақырған. Кәсіби шеберлігімен өзгелерден ерекшеленген Ерік артынша Мюнхен театрына жұмысқа қабылданады. Немістермен 8 жыл жұмыс істеген ол былтыр жазда Осло опера және балет театрына ауысыпты.

 

Ерік Мұрзағалиев, Осло опера және балет театрының әртісі:

Бұл жерде бәрі тең құқылы. Германияда иерархия болса, мұнда керісінше, жетекші әртіс, бірінші әртіс деп бөлінбейді. Аяқтан шалу, қызғаныш деген жоқ. Бәрі бір-бірін сыйлайды. Директор, балетмейстердің әртіске деген қарым-қатынасы ерекше. Тіпті театрда «патша ложасы» деген жоқ. Спектакльге келген  патша да қарапайым адамдармен бір қатарда отырады. Сосын мұнда актерлық ойынға үлкен мән береді.

 

Ерік — жан мен тән үйлесімінің балеттегі айрықша мазмұнын тапқан суреткер. Ешкімге ұқсамайтын би техникасын игерген ол —   бір ғана қимыл-қозғалыс арқылы кейіпкердің болмысын көрерменге дәл жеткізетін шебер.

Онегин мен Спартактағы Красс Еріктің ең сүйікті рөлдері. Ол Еуропадағы 10 жыл ішінде Ромео мен Джульеттадағы Тибальт, Баядеркадағы ержүрек батыр Солор сынды жетекші партиялардың бәрін орындады. Жинаған мол тәжірибесін отандық балеттің кәдесіне жаратсам деген ниеті бар.

Ерік Мұрзағалиев, Осло опера және балет театрының үздік әртісі:

 

Біздің әртістер керемет. Олардың техникалық деңгейі өзгелерден артық болмаса еш кем емес, әлемдік дәрежеде деп айта алам. Тек бізде хореографтар тапшы. Хореографты бала кезден тәрбиелеу керек. Мен қазір өзімді осы қырынан сынап көрмекпін. Тамызда хореограф ретінде алғашқы қойылымымды қоямын. Болашақта биден сабақ беріп, бәлкім Қазақстанға оралып, бір мықты дүние жасап қалармын.

 

Әдетте сауысқаннан сақ келетін норвегиялықтар қазақ әртісімен бірден өмірлік келісім-шарт бекіткен. Таңдау Еріктің еркінде. «Бәріне уақыт төреші»-деген әртіс болашақта Викингтер елінің жұртшылығына көшпенділердің, қазақ батырларының жаужүректігін паш ететін спектакль қоюды көздеп отыр. Тағы бір арманы — бойда талант тасып тұрғанда  АҚШ, Батыс пен Азияның үздік сахналарын бағындыру.

 

Нұрсұлу ҚАСЫМ

 

 

Бөлісу