Басты Жаңалықтар Қарағандыда «Еңбек жолы» байқауының облыстық кезеңінің жеңімпазы белгілі болды

Қарағандыда «Еңбек жолы» байқауының облыстық кезеңінің жеңімпазы белгілі болды

Металлургия - ел экономикасының негізгі тірегі. Мұнай, газдан кейін еселеп өсім әкеліп отырған негізгі салалардың бірі. Сондықтан ауыр өнеркәсіпте аянбай еңбек еткен жандардың ел дамуына қосқан үлесі ұшан теңіз. Өңірдегі тілшіміз сала саңлағы, «Еңбек жолы» байқауының облыстық кезеңінің жеңімпазы Ерлан Сыздықовпен тілдесіп қайтты.

Құрыш білекті, болат мінезді Ерлан Сыздықов 40 жыл бойы Балқаш мыс балқыту зауытында еңбек етіп келеді. Ата жолын қуып, абыройлы салаға 1985 жылы қадам басқан. Басында қарапайым дәнекерлеуші болса, бүгінде уческе бастығы. Еңбегімен талай жолды еңсерген білікті маман, жаңа келген жас мамандарға жол көрсетуші ұстаз.

Ерлан Сыздықов, металлург:

Металлургтар жұмысы сіздің денеңіз шынықса, жүрегіңіз шынықса сіз үйренесіз. Бірақ әрине қиын. Бұл салада еңбек етіп жатқан жігіттер өздерінің отбасын асырауға, отанға үлес қосып жатқандар.

Ерлан Сыздықов 2024 жылы III дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталған. Биыл да «Еңбек жолы» байқауының облыстық кезеңінің жеңімпазы атанды. Бұл жетістіктер тек қана біліктілігі үшін емес, мамандыққа деген адалдығы үшін де берілген. Себебі 90 жылдары барлық жұмыс саябырлаған сәтте де зауытты қайта аяққа тұрғызу үшін тоқтаусыз еңбек еткен.

Ерлан Сыздықов, металлург:

90 жылдары ауылдан келген туысқандар айтатын, мұржадан түтін кетті, қаланың сәні кетіпті деп. Сол кезде: аға зауытты қайта көтереміз, әлі өркендейміз дейтінмін. Жарты жылдай ақшасыз еңбек еттік.

Кейіпкеріміз қос бірдей ұл тәрбиелеген. Үлкені әке жолын қуып, бүгінде әріптесі. Келіні де зауытта еңбек етеді. Атадан мал емес, мамандықты мұра еткен отбасы бүгінде көпке үлгі.

Бақдәулет Оразалиев, металлург:

Ерлан Құдайберліұлымен 2003 жылдан бастап бірге істейміз. 20 жылдай болды. Дос ретінде де, маман ретінде де өте жақсы кісі. Өз білімін жақсы меңгерген, жастарға жақсы үйретеді. Жақсы отбасы, үлгі алатын отбасы.

Балқаш мыс балқыту зауыты – түсті металлургия саласында жұмыс істейтін еліміздегі ең ірі өнеркәсіптердің бірі.Тарихы терең зауытта Ерлан Сыздықов сынды құрыш білекті 6 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Көк түтіннің ортасында, бет қарыған ыстыққа қарамай еңбек ету кез-келген адамның қолынан келе бермесі анық.


Бөлісу