Бельгия Қазақстанның антиядролық бастамаларын қолдайды
БҰҰ Халықаралық ядролық қаруды толығымен жою үшін күрес күнін еліміздің Бельгиядағы елшілігінің қызметкерлері ИПР қаласының әкімдігімен атап өтті. 1-дүниежүзілік соғыс кезінде немістер адамзат тарихында алғаш рет химиялық қаруды ИПР-дағы шайқаста қолданған болатын. Қос елдің өкілдері зұлмат соғыста шейіт болғандар мен ядролық сынақ құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Бейбітшілік жолындағы ынтымақтастықты нығайтуды талқылады.
1915 жылы Ипрде болған химиялық жарылыстың салдарынан Бельгия әскері қырғидай қырылып, бейбіт халық қатты зардап шекті. Әлемге өзінің тоқыма өнеркәсібімен әйгілі ИПР шаһары жермен-жексен болды. Ядролық сынақтың құрбаны болған қалаға Қазақстан үкіметі 2010-жылы мына ескерткішті сыйға тартқан. Қара тас қасіреттің, жасыл-өмірдің символы. Күннің ортасынан бейнеленген бес саусақ-адамзаттың әлемдегі бес полигонға қарсылығын айшықтайды. Мағынасы терең монументке қос елдің өкілдері гүл шоқтарын қойып, құрбандардың рухына тағзым етті.
Роман Василенко, ҚР Бельгиядағы елшісі, қазақстанның еуропалық одақ жанындағы тұрақты өкілі:
Қазақстан мен Бельгия үшін жаппай қырып жою қаруының құрбандарын еске алу өте маңызды. Себебі, Иприт химиялық газының Ипрде қолданылғанына биыл 110 жыл. Осы атаулы датаны қала әкімімен бірге атап өтудеміз. Мұндағылар ядролық қарудан бас тартқан Қазақстанның рөлін жоғары бағалайды. Ипр әкімдігімен осы және басқа да салаларда ынтымақты арттыруды талқылаудамыз.
ИПР мен Семей тағдырлас қана емес, бауырлас қалалар. Қазақстанның Бельгиядағы елшісі Ипр мэрімен кездесуде қос шаһар арасындағы мәдени гуманитарлық, экономикалық байланысты тереңдету жайын талқылады. Президент Жолдауындағы жасыл экономиканы, цифрлық технологияны дамыту сынды басым бағыттарды баяндады. Және биыл Семейде 180 жылдық мерейтойы тойланған Хакім Абайдың нидерланд, француз тілдеріндегі кітаптарын Ипр қалалық кітапханасына сыйға тартты.
Катрин Десомер, Бельгияның ипр қаласының әкімі:
Бейбітшілік қаласы ретінде ипр үшін өзге елдермен, өзге қалалармен достық байланысты нығайту өте маңызды. әр құрлықта соғыс жүріп жатқан тұста, біз жаһан елдерін бейбітшілікке үндейміз. әрі қазақстанның антиядролық бастамаларын қолдаймыз.
Әкімнің шақыруымен қазақстандық делегация 1-дүниежүзілік соғыс құрбандарын еске алу шарасына қатысты. 1928-жылдан бері күнде кешкі сағат сегізде Ипр жұртшылығы соғыста шейіт болғандарға тағзым етіп, ескерткішке гүл шоқтарын қоюды дәстүрге айналдырған. Зұлматтың қасіретін ұрпақ ұмытпасын, өзгелер де ядросыз әлем құруға ұмтылсын деген мақсатта.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
