Жасанды интеллект бағытындағы IT жобаларға 10 млрд теңге бөлінді
Биыл жасанды интеллект бағытындағы стартаптарға 10 миллиард теңге бөлінді. Бұл туралы бүгін Мәжілісте өткен парламенттік тыңдауда айтылды. Жыл басынан бері 62 жоба жасалған. Әсіресе әлеуметтік сала мен өндірістегі жұмысты жеңілдететін басымдық берілген.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында жасалған жобаның бірі – ым-ишара тілін түсінетін электронды бағдарлама. Ол жасанды интеллектінің арқасында сурдоаудармашы секілді жұмыс істей алады. Яғни естімейтін жандардың қоғаммен «тіл табысуына» ықпал етеді.
Нұрзада Амангелді, ғалым:
Қазір қуантарлық нәтижелер бар. Қазір телеарналарға енгіздік. Мектептердің бағдарламасына енгіздік. Сонымен қатар естімейтін адамдарға төтенше жағдайларда дабыл қағу деген секілді жұмыстарды жасап жатырмыз.
Әлеуметтік саладағы бағдарламалармен қатар өндірістегі жұмысты жеңілдетуге де ден қойылған. Бұл жобалардың басым бөлігін жас ғалымдар жасаған.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
Маңыздысы – 26 жобаны 40 жасқа дейінгі жас ғалымдар жүзеге асыруда. Жалпы, 11 өңірден 27 университет пен 6 ғылыми институт жұмыс істеуде осы жобалардың аясында. 500-ге жуық жетекші ғалымдарымыз тартылған.
Отандық ғалымдарға жүктелген тағы бір маңызды міндет – жасанды интеллектіні қазақша «сөйлету». Қазір көпшілік пайдаланып жүрген Чат GPT, Geminі секілді чат-боттар қазақ тілінде тұшымды жауап бере алмайды. Сондықтан жаңа тілдік модель жасалып жатыр. Оған ана тіліміздегі 6 миллиардтан астам термин енгізілген.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
Бізге жасанды интеллектінің қазақстандық моделі керек. Мемлекет басшысы алдымызға осындай міндет қойып отыр. Ол ұлттық мүдделерімізге сай болып, еліміздің прогрессивті дамуына серпін беруі тиіс.
Жасанды интеллект келешекте ауыр жағдайдағы науқастарға да ем тауып береді. Қазір еліміздік үздік IT мамандары осыған барын салып жатыр.
Досжан Жүсіпов, «CerebraAI» компаниясының басшысы:
Біз күрделі ауруларды ерте анықтайтын бағдарлама жасадық. Ол жасанды интеллект негізінде жұмыс істейді. Жобамыз Қазақстанда ғана емес, АҚШ, Өзбекстан, Сингапур мен Сауд Арабиясындағы емханаларда сынақтан сәтті өтті.
Жанел Нұрболатқызы, тілші:
Жуырда ғана алғаш рет жасанды интеллектінің этикалық қағидаттары бекітілді. Басты мақсат – жеке деректердің таралып кетуіне жол бермеу. Қанша жерден ақылды болса да, жасанды интеллект адамның орнына шешім қабылдай алмайды. Бұл ретте арнайы Ұлттық платформа құрылады. Мұны өзіміздің «Google cloud» деуге болады. Яғни, тек отандық бағдарламаларды қолдана аламыз. Демек жеке деректеріміз шетелге шығып кетеді деген қауіп болмайды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
