Елімізде 28 мың адамнан қатерлі ісік анықталған
Биыл елімізде 28 мыңға жуық адам қатерлі ісікпен ауырып, 8 мың адам көз жұмған. Бұл статистиканы онкологияны зерттеу институты жариялады. Қауіпті дерттің дендеуіне не себеп? Онкологиялық аурулардың алдын алуға отандық медицинаның қауқары жете ме?
Жасұлан Бисеновтың асқазанынан ісік табылғалы төрт айдан асты. Онкологиялық дерт оның өмірін түбегейлі өзгерткен. Жақында ғана операция үстелінен тұрған науқас қазір қатаң режимде өмір сүреді. Таңдап тамақ жеп, күнделікті дәрі ішеді.
Жасұлан Бисенов, науқас:
Ота тамыз айында жасалды. Одан кейін де ем алдым. Қанша дегенмен ота болған соң витаминдердің алмасуы болады. Солардың барлығынан толыққанды қаралып, тексеріліп, ауруханадан шықтым. Одан кейін де ары қарай отаның жасалған жұмысына кедергі, басқаша бір деффектілері болмас үшін қосымша беріп отқан 4 курс емдері бар. Соны алып жатырмын.
Елімізде биыл 4500-ден аса адамнан асқазан ішек жолдары қатерлі ісігі анықталған. Ал 3700-ден аса әйел сүт безі обыры, 2600 адам өкпе дертіне шалдыққан. Ал онкологиядан 8 мыңға жуық науқас көз жұмған. Оның 47 пайызы еңбекке жарамды, 51 пайызы зейнет жасына жеткендер, бір пайызы балалар.
Дәрігерлер сырқаттың көбейуін скрининг қызметінің аздығы мен халықтың уақытында тексерілмеуінен дейді.
Қалдыгүл Смағұлова, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі:
Онкологиялық қызмет республика бойынша бірнеше дәрежелерден тұрады. Республикалық, облыстық, аудандық деп бөлінеді. Ал алыстағы ауылдағы науқастар облыстық диспансерлерге қарайды. Ең бастысы онкологияда ол аурудың көбеюі емес немесе азаюы емес. Ол табылған аурудың көрсеткішін жақсартуы. Өлім көрсеткішін азайту. Негізі осы бағытта жұмыс істелуі керек.
Елімізде де қатерлі дерттің алдын алатын тексерулер тегін. Алайда бірқатар облыстарда медициналық жабдықтар ескірген, зертханалар жеткіліксіз, кадр тапшылығы да байқалады. Мәселені шешу үшін 2027 жылға дейінгі кешенді жоспар бекітілген.
Айша Молдашева, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты басқарма төрағасының орынбасары:
Қазіргі таңда онкологиялық емханалардың 40-50 пайызы ескі құрылғылармен жабдықталған. Және жетіспеушілік те бар. Сондықтан онкологияға қарсы кешенді жоспар бағытында 2026-2027 жылға дейін барлық онкологиялық орталықтар ең мықты, ең жаңа технологиялармен жабдықталып құрылғылармен барлығы қамтылады.
Онкологиялық аурулардың дені дұрыс тамақтанбау, зиян әдеттер, қозғалыстың аздығынан туындайды. Сондықтан дәрігерлер: «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде», - деп кеңес береді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
