Басты Жаңалықтар Орталық Азиядағы көшбасшы әйелдердің форумы басталды

Орталық Азиядағы көшбасшы әйелдердің форумы басталды

Елдегі жеке кәсіпкерлердің 54 пайызға жуығы, ал шағын және орта бизнес басшыларының 48 пайызы – әйелдер. Сондай-ақ әр бесінші әйелдің жоғары білімі бар, ал зерттеуші-ғалымдар арасында олардың үлесі 55 пайыздан асады. Бұл туралы Алматыда өткен Орталық Азиядағы көшбасшы әйелдердің форумында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева айтты. Министр қыз-келіншектердің жетістігі түрлі салада артып келетініне тоқталды. Ауқымды шараға 20 елден 100-ге жуық спикер келді.

Мемлекет басшысы «Заң және Тәртіп», «Таза Қазақстан», «Адал Азамат» секілді ұзақ мерзімді тұжырымдамаларға сүйенеді. Бұл ұстанымдарды жүзеге асыруда ұлттық тәрбиенің, мәдениеттің ұйытқысы болып отырған әйел көшбасшыларға ерекше міндет жүктеледі. Осылай деген министр Аида Балаева қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін де жауапкершілік күшейтілгенін, әйелдерге кең мүмкіндік бар екенін атап өтті. Сондай-ақ министр кәсібін дөңгелетемін деген қыз-келіншектерге арналған түрлі бағдарлама мен грантта қарастырылғанын да алға тартты.

Жанар Абайқызы, кәсіпкер:

Мемлекеттік тапсырыстар мен мектеп формаларын, мемлекеттік қызметкерлердің киімін тігеміз. Қазіргі таңда қыз-келіншектердің бизнестегі рөлі өте мықты. Тігінмен қатар жаңа технология, жасанды интеллект, әлеуметтік желі, таргет дегенді қосымша біліп отыруымыз керек.

Ауқымды форумға бизнес-стратегия және инновация саласындағы әлемге әйгілі сарапшы Рита Макграт келді. Ол – Microsoft, Citi секілді жетекші компанияларға стратегиялық даму бойынша кеңес беретін тұлға. Рита Макграт осыған дейін Ирландия үкіметіне стратегия бойынша кеңес бергенін және Қазақстандағы қазіргі үдерістермен ұқсастықтар бар екенін де атап өтті.

Рита Макграт, Колумбия университетінің профессоры:

Қазір біз жаппай өндіріс, мұнай мен табиғи ресурстарға негізделген кезеңнен алыстап, цифрлық шешімдерге, жаңа технологиялық дәуірге аяқ басып келеміз. Бұл – жаһандық деңгейдегі үлкен бетбұрыс. Осы ретте Қазақстан болашағы бар салаларға басымдық беріп, қазірден бастап инвестиция салуы керек. Өйткені бұрынғы экономикалық модель біртіндеп өзектілігін жоғалтып, жаңаша форматтағы экономика қалыптасып келеді.

Орта Азиядағы ең ауқымды форумға АҚШ, Еуропа, БАӘ және алыс-жақын елдерден 3000-ға жуық қонақ келді. Олар табысқа жетіп, сәтті кәсіп жүргізіп отырған көшбасшы әйелдермен инновация, қаржылық сауат, теңдік, жасанды интеллект, цифрлық технология тақырыптарын талқылап, ой бөлісті.


Бөлісу