Басты Жаңалықтар Алдағы 5 жылда елімізде 6,3 гигаватт «жасыл» энергия өндіретін станциялар бой көтереді

Алдағы 5 жылда елімізде 6,3 гигаватт «жасыл» энергия өндіретін станциялар бой көтереді

Алдағы бес жылда елімізде 6,3 гигаватт «жасыл» энергия өндіретін станциялар бой көтереді. Ол үшін шетелдік инвесторлар тартылмақ. Елімізде «жасыл энергия» жалпы тоқ көздерінің тек 6 пайызын ғана құрайды. Жоба сәтімен жүзеге асса, оның үлесі 15 пайызға дейін ұлғаяды. Бұл қадам елдегі баламалы электр энергиясының үлесін арттырады. Жаңа нысандар қайда бой көтереді? Елімізге тигізер пайдасы қандай? 

«Жасыл» энергия еліміздің экологиялық жағдайын жақсартып қана қоймай, электр тапшылығының алдын алады. Бүгінде еліміздегі станциялар 25,3 гигаватт тоқ өндіруге қауқарлы. Оның 17 гигаваты солтүстік, 4,8-і оңтүстік, тағы 3,6 гигаваты батыс өңірде орналасқан. Солтүстіктегі қуатты оңтүстікке тасымалдау желілердің жүктемесін арттырып, техникалық шығындарға әкелуі мүмкін. Сондықтан жасыл энергия станцияларының теңгерімді орналасуы маңызды.

Диас Умышев, энергетика саласының сарапшысы:

6,3 гигаватт электр энергиясын өндіру – еліміздің жалпы қажеттілігінің шамамен 20 пайызына тең. Бұл оңтүстік өңірлерді электрмен қамтамасыз етіп, энергия тасымалдау үшін тиімді шешім. Қазақстанның электр желілері оңтүстікте Қырғызстан және Өзбекстанмен, ал солтүстікте Ресеймен байланысты. Сондықтан тапшылық туындаған жағдайда осы үш мемлекеттен электр энергиясы сатып алынады.

Жаңадан бой көтеретін баламалы энергия көздері географиялық және стратегиялық тұрғыдан маңызды. Мәселен, Жамбыл облысында Біріккен Араб Әмірліктері мен Франция қуаты 1 гигаваттқа жуықтайтын екі бірдей жел электр станциясын салады. Сондай-ақ Қарағанды облысында қуаты 500 мегаваттық жел энергиясы, Түркістан облысында 300 мегаваттық күн электр станциясы бой көтермек.

Рүстем Қыдырбеков, ҚР ЭМ Жаңартылатын энергия көздері департаменті директорының орынбасары:

Бұдан бөлек, жыл сайын жаңартылатын энергия көздерін дамытуға арналған аукциондық сауда-саттық тетігі жүзеге асуда. Кестеге сәйкес бұл жобалар еліміздің түкпір-түкпірінде салынбақ. Ал ірі жобалардың барлығы үкіметаралық келісімдер негізінде энергия жинақтаушы жүйелермен, яғни батареялармен қамтамасыз етіледі.

Бұл ірі нысандар алдағы 5 жылда пайдалануға берілмек. Одан бөлек, «Жаңартылған энергия көздері» жобалары да жасақталып жатыр. Онда 2031 жылға дейін тағы 95 жобаны жүзеге асыру көзделген. Бастамалар еліміздегі электр энергия тапшылығын азайтуға сеп болмақ.


Бөлісу