Елімізде азық-түлік өнімдерінің бағасы бақылауда
Елімізде картоп пен пияз, сәбіз бағасы арзандап жатыр. Сауда және интеграция министрлігі өткен айдан бастап азық-түлік бағасының өсуі едәуір бәсеңдегенін хабарлады. Сондай-ақ ұн мен макаронның бағасы да бірқалыпты.
Қазақстанда сиыр еті көршілес елдермен салыстырғанда біршама төмен. Сондықтан сыртқы нарықтан сұраныс жоғары. Әсіресе Өзбекстаннан. Бағаны тежеу үшін Үкімет мамырда тірі малды әкетуге тыйым салды. Тек кәсіпорындарға ғана рұқсат берілді. Бұдан нәтиже де жоқ емес. Қазір сиыр етінің құны әр өңірде әртүрлі.
Тойгүл Жұбанисова, ҚР Сауда және интеграция министрлігінің ресми өкілі:
Сауда министрлігінің ең бірінші міндеті - біздің ішкі нарығымызды қорғау. Сондықтан қазанға дейін ірі қара елден шығаруға шектеу қойды. Себебі өнім бірінші өзімізге жетуі керек. Ресми дерек бойынша, елдегі орташа сиыр етінің бағасы 3500 теңгеге дейін жетіп тұр. Дегенмен 2400 теңгеден бастап, тіпті кейбір өңірлерде 4200-4500 теңгеге дейінгі бағалар тіркеліп жатыр.
Диқандар жиын-терім науқанын аяқтауға жақын. Сәйкесінше, ішкі нарықтағы баға да өзгере бастады. Әсіресе жаздыгүні көтерілген көкөністің бағасы біртіндеп түсуде. Сауда және интеграция министрлігі таратқан ақпарға сүйенсек, шілдеде картоптың келісі 300 теңге болса, қазір 184 теңге, сәбіз 295-тен 193 теңгеге, пияз 222-ден 137 теңгеге арзандады. Десе де сүт өнімдері 5,3%-ға, қарақұмық шамамен 9 пайызға қымбаттаған.
Тойгүл Жұбанисова, ҚР Сауда және интеграция министрлігінің ресми өкілі:
Жалпы, жыл басынан бері ең бағасы тұрақты өнім – ұн. Макарон өнімдері және нан. Себебі бізде бидайдың қоры мол. Жылда мол өнім жинаймыз. Сондықтан бұл тауарларға баға қымбаттауы күтілмейді.
Бағаны тұрақтандырудың тағы бір жолы – ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі. Жыл басынан бері Астанада ғана емес еліміздің түкпір-түкпірінде өткізіліп жатыр. Ондағы азық-түліктің бағасы нарықтан 15-20 пайызға арзан. Осылайша жәрмеңке - сатушыға да, сатып алушыға да тиімді.
Базардағы бағамын бақылауда ұстау үшін Үкімет делдалдармен күресті де күшейтті. Жыл басынан бері азық-түліктің бағасын негізсіз көтергендерге 2 мыңнан аса әкімшілік айыппұл салынған. Бұдан бөлек күнделікті сауда сөрелеріне мониторинг жұмыстары жалғасып жатыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
