Шығыста Қызылорда облысының мәдениеті күндері өтті
«Сұлу Сырдан – шырайлы Шығысқа»! Осындай атаумен шығыста Қызылорда облысының мәдениеті күндері өтті. Сыр өнерпаздары Алтай аспанын түрлі жанрда ән мен күйге бөледі. «Сыр өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» тақырыбында көрме ұйымдастырылды.
Кешегі сыр сүлейлері Тұрмағамбет, Көшеней, Рүстембек, Нартайдың бүгінгі із басарлары бірінен соң бірі жырдан шашу шашты. Тек сырдың ғана ән күйі емес, Алтай-Трабағатайдың да әндерін төгілтті.
Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар
және облыстық симфония оркестрі әлем классиктері мен қазақ композиторларының шығармаларын
орындады. Сыр елі саф өнердің алтын қазынасы. Тек дәстүрлі ән мен жыр ғана
емес, жас өнерпаздар бүгінде әлемдік сахналарда насихатталып жүрген танымал
классикалық шығармаларды да орындады. Шығыс
Қазақстан мен Қызылорда облысының
арасындағы өзара байланыс бұдан 15 жыл бұрын
орнаған. Тек мәдниет емес экономикалық әріптестік жаңа деңгейге көтерілді.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Шығыс өңіріндегі Кенді Алтай – еліміздің металлургия саласының мақтанышы. Үлбі металлургия зауыты Қызылорданың «Тұраниум» және «РошИст» компанияларымен уран өндірісі бойынша әріптестік орнатқан. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы жетістіктері де аймақ дамуының маңызды көрсеткіші.
Тарихта Қызылорда облысының ел астанасы болып жарияланғанына биыл 100 жыл толады. Музей қызметкерлері сол жылдардың жылнамасы жазылған құжаттар мен фото-суреттерден көрме дайындаған. Ал сыр бойында жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде табылған жәдігерлер көпшілікке ұсынылды.
Сапар Көзейбаев, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры:
Орта ғасырда оғыздардың астанасы болған Жанкент қаласынан да құнды жәдігерлер табылды. Ал 15 ғасырда Қазақ хандығының ордасы болған Сығанақ қаласында жүргізілген қазба жұмыстары барысында анықталған тарихи мұралар осында әкелініп, насихатталып жатыр.
Ғалия Даниярова, Өскемен қаласының тұрғыны:
Өнерді жақсы көремін, тыңдаймын. Сыр елі - жыр елі болған соң, өзіміздің атақты әншілеріміз де, күйшілеріміз де бар. Олар балалар мен жасөспірімдерге үлгі деп ойлаймын.
Өңірлер арасындағы өзара байланыс
барлық салада бірге ілгерлеуге мүмкіндік береді. Сондықтан қызылордалықтар Өскемендегі
бірқатар өндіріс пен ауыл шаруашылығы өнімін өңдейтін ірі нысандардың жұмысын көрді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
