Басты Жаңалықтар Өзбекстанда Абай тойы жалғасып жатыр

Өзбекстанда Абай тойы жалғасып жатыр

Абай тойы көршілес Өзбекстанда әлі де тойланып жатыр. Қандастарымыз көп шоғырланған аймақтардағы қазақ мәдени орталықтары мен мектептер ұлы ақынның 180 жылдығын атап өтуді жалғастыруда. Соның бірі Ташкент облысының Бостандық ауданында өтті. 

Тамыз айында Ташкент шаһарында бастау алған мәдени шаралар легінен ауыл аймақтағы ағайын да шет қалмады. Қыркүйек келіп, сабақ басталысымен дайындыққа кіріскен әдебиетсүйер жас өрендер ұлы ақынның құрметіне ұйымдастырылған шараға тыңғылықты әзірленіпті. Абай өлеңдерін бірінен соң бірі жатқа оқыды.

Абай шығармаларына барынша қанық, өлеңдері мен қара сөздерін санасына сіңірген ұрпақтың өсіп келе жатқаны қуантады. Ұлы ойшыл  жазып қалдырған дүниелердің адамзатқа берері мол.

Ескендір Алашбаев, Ташкент облыстық қазақ ұлттық-мәдени орталығы төрағасының орынбасары:

Оқушылардың қандай білімді екенін көріп тәнті болдық. Абайдың қандай дана екенін, дара тұлға екенін балалар жүрегімен сезіп біліп, сөздерімен айтып отыр.

Өзбекстанда қазақ қаламгерлерінің шығармашылық ортасы бар. Олар төл әдебиетіміздің дамуына үлес қосып келеді. Басым бөлігі қандастарымыз көп шоғырланған осы Бостандық ауданында тұрады. Өткен жылы 20 ақын-жазушының кітабы жарық көріп, елдегі қазақ мектептеріне тегін таратылды.

Сапарбек Иманбеков, Өзбекстан жазушылар одағының мүшесі, ақын-аудармашы:

Өзбекстандағы қазақ ақын-жазушылары бар өзбектің қалам ұстаған ақындары да Абай туралы кітап жазып, ұлы ақынның шығармаларын өзбек тілініе аударып жатқандары да бар.

Биыл Өзбекстан Жазушылар одағының бастамасымен Абай Құнанбаевтың таңдамалы шығармалары өзбек тіліне аударылды. Бес жыл бұрын Абайдың 175 жылдығы қарсаңында Қара сөздері тәржімаланған еді. Игі іс биыл да жалғасын тауып жатыр.


Бөлісу