Ғалым: Креативті индустрия елдің халықаралық имиджін арттырады
Креативті индустрия – экономиканың маңызды бөлігі. Оның үлесі әлемдік жалпы ішкі өнімнің 3 пайызына жетіп отыр. Яғни, креативті тауарлар мен қызмет түрлері халықаралық нарыққа шығарылып жатыр. Ал елімізде таланттарды іздеу, қолдау, инфрақұрылымды дамытып, өнімдерді экспорттайтын арнайы қор құру жоспарланып отыр, дейді Мәдениет және ақпарат министрлігі.
Жеті жыл бұрын құрылған заманауи орталықтың репертуарында 30-ға жуық спектакль бар. Мұндағы қойылымдардың мазмұны режиссер мен драматургтың шығармашылығымен шектелмей, ғалымдардың да сүзгісінен өтеді. Ұжым өнер мен ғылымды бір арнаға тоғыстырып отыр. Осы ретте орталықтың жетекшісі соңғы жылдары елімізде кретивті индустрияны дамытуға ерекше көңіл бөлініп келетінін айтады.
Тоғжан Құрманжанқызы, «Ozgeepic» креатив хаб жетекшісі:
Біз бұл спектакльде осы уақытқа дейін мәдениетімізде қолданылмаған тәсілді қолдандық. Оның пайда болуына психологтар, аналитиктер мен ғалымдардың драматургтерге және жалпы шығармашылық топқа көрсеткен көмегі орасан зор болды. Креативті индустрия кеше ғана пайда болған сала емес, ол бұрыннан бар. Енді бізді біріктіретін орта мен орталықтар қалыптасты.
Ғалым Әйгерім Бақтиярова Орталық Азиядағы креативті индустрияның әлеуеті зор екенін алға тартты. Маман әр ел бұл саланы өздерінің экономикалық даму стратегиясына сай бейімдеп деп отыр деп есептейді.
Әйгерім Бақтиярова, PhD кандидат, әлеуметтік ғылымдар магистрі:
Аймақтық ынтымақтастыққа назар аударғым келеді. Қазір «Орталық Азия – 2040» тұжырымдамасы бекітілді. Сол аясында креативті индустрияны дамытып, оны Орталық Азияның жаңа даму орталығына айналдырсақ деген мақсатымыз бар.
Мамандардың айтуынша, бұл сала жаңа жұмыс орындарын құруға, жастардың әлеуетін ашуға, елдің халықаралық имиджін арттыруға ықпал етеді. Сондықтан елімізде қабылданып жатқан шаралар креативті индустрияны жүйелі дамытуға жол ашпақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
