Өзбекстанда жұмыспен қамту бойынша ортақ тәжірибелер талқыланды
Орталық Азия елдері кедейшілікті қысқарту, халықты жұмыспен қамту бойынша бастамаларды біріктірмек. Өзбекстанның Наманган қаласында осы тақырыпта халықаралық форум өтті. Тұрғындардың өз кәсібін дөңгелетіп әкетуіне жол ашатын жобалар талқыланды.
Бұл Наманганның іргесіндегі мәхаллалардың
бірі. Самсап тұрған жүзім халықтың тікелей табыс көзі. Тұрғындар тәтті жемісті
өсіріп баптап, қыруар пайда тауып отыр. Өнімді ішкі нарыққа саудалап, ең
сапалысын Қазақстан, Ресей мен Қырғызстанға экспорттайды.
Икромжон Саипов, мәхалла төрағасы:
Мәхалламызда 675 үй бар, соның 500-ге жуығында жүзім өседі. 900 дей тұрғын еңбекпен қамтылған. Тұрмысы төмен 20 отбасының мүшелерін маусымдық емес, жыл он екі ай істейтін жұмысқа тартып отырмыз. Келешекте, кедей отбасы мүлде болмауы керек деген мақсат қойдық.
Базаркүл Отыншиева, тілші:
«Аш адамға балық берме, қармақ бер». Осы қағиданы көршілес өзбек елінің үкіметі де ұстанады. Мұнда әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қаржылай жәрдем берудің орнына еңбекке баулу, екі қолға бір күрек табуына жәрдем беру жолға қойылған.
Кедейшілікпен күрес – жаһандық мәселе. Мұның ең маңызды алғышарты тұрғындарды еңбекпен қамту. Аймақ елдерінің осы бағытта өзара тиімді тәжірибе алмасуы заңдылық. Бұл халықтың игілігі үшін. Жиын қатысушылары осылай десті. Көршілес Өзбекстан жыл соңына дейін кедейшілік деңгейін 6 пайызға төмендетуді мақсат еткен.
Рано Турдыбоева, Кедейшілікті қысқарту және жұмыспен қамту министрінің орынбасары:
Тұрмысы төмен әрбір отбасыға жеке-жеке көңіл бөлінеді. Ересектерге жұмыс тауып беріп, жеткіншектердің кәсіптік білім алуына мән береміз. Ана ман бала денсаулығы басты назарда. Халықтың әл ауқатын көтеру, кедейлікті азайту тұрғысында бірнеше бағыт бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Жиында қазақстандық кәсіпкерлікті қолдау қорының өкілі шағын орта бизнесті дамыту, исламдық қаржыландыру тәжірибесі бойынша жобаларды таныстырды. Қазір елде екі ислам банкі жұмыс істейді. Бірнеше лизингтік компаниялар мен шағын қаржылық ұйымдар бар. Сукук облигациялар шығарылады. Әріптес елдер тарапынан біздің тәжірибеге қызығушылық жоғары дейді ол.
Талғат Смағұлов, кәсіпкерлікті қолдау қорының өкілі:
Исламдық қаржыландыру бойынша Қазақстан Орталық Азияда көш бастап тұр. Бұл тұрғыдағы жұмыстар 2009 жылы басталып, құқықтық негізі қаланған. 75 кәсіпкер ұзақ мерзімге 40 млрдтан астам жеңілдетілген несие алды. Ислам банктерімен бірлесе отырып, бизнес иелері үшін 4,8 млрд тенге субсидия босатылды.
Форумға БҰҰ өкілдері, Ислам даму банкі мен Дүниежүзілік банктің, халықаралық еңбек ұйымының жетекшілері қатысты. 2030 жылға қарай аймақ елдері кедейшілік проблемасын түбегейлі жоюды көздейді. Бұл бағытта бірқатар келісімдерге қол қойылды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
