Басты Жаңалықтар Дональд Трамп пен Си Цзиньпин TikTok мәселесін талқылайды

Дональд Трамп пен Си Цзиньпин TikTok мәселесін талқылайды

TikTok–тың америкалық сегментіне кім иелік етуі керек: АҚШ па, әлде Қытай ма? Бұл мәселе әлемнің екі экономикалық державасын көптен бері дауластырып келеді. Бірнеше сағаттан Трамп пен Си Цзиньпин арасында келіссөздер басталады. Онда тағы не талқылануы мүмкін. 

Бүгін АҚШ президенті мен Қытай төрағасы қаңтардан бері екінші рет телефон арқылы сөйлеседі. Басты тақырып – TikTok –тың америкалық сегментін Вашингтонның иелігіне беру. Сонымен қатар, Дональд Трамп пен Си Цзиньпин екі супердержава арасында сауда дауынан туындаған шиеленісті жеңілдетуге тырысады. Құрама Штаттар лидеріне сенсек, алдағы келіссөздер келісіммен аяқталуы ғажап емес.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

Өздеріңіз білесіздер, жұма күні төраға Симен TikTok және сауда жөнінде сөйлесемін. Біз барлық мәселелер бойынша келісім жасауға өте жақынбыз. Менің Қытаймен қатынасым тым жақсы.

Қытайлық стартап TikTok әлеуметтік видеожелісін 2018 жылы іске қосты. Содан бері бұл платформаны қолданушылар саны әлемнің 150 елінде бір жарым миллиардтан асып кеткен. Сол қолданушылардың 170 миллионы – АҚШ тұрғындары.

Егер TikTok-тың америкалық бөлігі қыркүйектің 17-не дейін Вашингтонның құзырына берілмесе, әйгілі қосымша АҚШ аумағында қызметін тоқтатуға тиіс еді.

Алайда, екі жақтың өкілдері апта басында Мадридте кездесіп бұған жол бермеді.

Ли Чэнгань, Қытайдың сауда мәселелері бойынша бас келіссөз жүргізушісі:

Осы кездесу барысында екі жақ та ашық әңгімелесіп, ТикТок мәселесіне қатысты жан-жақты пікір алмасты. Келіссөздер соңында бұл проблемаларды бірлесіп шешу туралы консенсусқа қол жеткіздік.

Трамптың өзі де TikTok-тың жабылғанына қарсы. Себебі бұндай жағдай халықты ызаландырып, саяси коммуникацияны бұзуы мүмкін.

Айта кетсек, АҚШ конгресмендерінің ойынша, TikTok Қытай билігімен байланыста және ол шпиондық жолмен америкалықтарға ықпал етіп, миллиондардың жеке деректерін иеленіп, ел қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін. Бейжің болса, бұндай болжамдарды үнемі жоққа шығарып келеді.

Қазір әлемнің бірінші және екінші экономикалық державаларының қатынастары салқын тартып тұр. Тараптардың бір-біріне жариялаған тарифтері екі жақтың да өндірістік өсімін баяулатты. Сол түйіткілдерді шешу үшін Трамп пен Си жеке кездесуі мүмкін бе? Болжамдарға қарағанда, олар қазанның 30-ы мен қарашаның 1-і күндері Оңтүстік Кореяда өтетін Азия-Тынық мұхит экономикалық ынтымақтастығы ұйымының саммитінде жүздесіп қалуы ықтимал.


Бөлісу