Ақтөбеде «Шеберлер шеруі» фестивалі өтіп жатыр
Ақтөбеде «Шеберлер шеруі» өтіп жатыр. Оған еліміздің әр аймағынан 200-ден астам қолөнерші келген. Фестивальге қатысушылар жастарға киіз басу, ши тоқу, құрақ құраудан шеберлік сағаттарын өткізеді. Үш күндік шара аяқталған соң арнайы сертификаттар беріледі, сыйлықтар табысталады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл – еңбек адамына және ұлттық өнерге деген құрмет.
14 жастағы Уәлихан Әмірбаев құрақ құраудың шебері. Оның қолынан шыққан дүниелер бүгінгі шараға жиналған тігінші қыз-келіншектердікінен кем түспеді. Жасөспірімнің қолөнермен, оның ішінде құрақ құраумен айналысуына әжесі ықпал еткен.
Уәлихан Әмірбаев, тігінші:
Негізінен әжем тігін тігеді, соған көмектесіп жүріп қызығушылығым оянды. Алдағы уақытта өз кәсібімді ашқым келеді. Осы тәжірибе соған көмектеседі деп ойлаймын. Сол себепті бастадым.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Аумағы екі шаршы метр болатын шым шиді тоқу үшін шеберлер екі ай уақытын жұмсайды. Алдымен мынадай бір талына өрнегін келтіріп, түрлі-түсті жіптерді орап алады. Оның өзіне жарты сағат уақыт кетеді. Одан соң бір-біріне байланыстыру үшін тас байланған жіптерді қолданады.
Қолөнер шебері Лейла Мырзалықызының айтуынша, тұрмыста қолданылмағандықтан қазір ши өру өнері кенже қалған. Алайда заманға сай бейімдеп, қабырғаға ілетін картиналардың орнына қолдануға болады. Мұндай туындыларға әсіресе, шет елдіктер ерекше қызығатын көрінеді.
Лейла Мырзалықызы, қолөнер шебері:
Аудандарға тапсырыс беремін, ал шиді маған күзде жинап береді. Өйткені ши күзде піседі. Жиналған соң оны балаларға таратып, түрлерімен таныстырамын. Шидің үш түрі бар: ақ ши, орама ши және шым ши. Қазір оларды панно ретінде қолданады. Сұраныс жоғары, әсіресе ұлттық нақыштағы кафе-ресторандардан көп тапсырыс түседі.
Фестивальге өнер ұжымдары да арнайы шақырылған. Шеберлердің қолынан шыққан киімдерді көбіне осы өнер жолында жүргендер сатып алады екен. Шара аясында қолөнер бұйымдарының көрмесі де ұйымдастырылды.
Ырза Тұрсынзадақызы, «Алтын сапа» сыйлығының иегері:
Көптеген шетелдерді аралаймын, сонда олардың ең кішкентай ғана символдарының өзі дәріптеліп жатады. Ал қазақтың төл өнері мен дүниесінің күрделілігі, мазмұны, ауқымы әлдеқайда жоғары. Соған қарамастан, отыз жылда ғана күретамырымызға қайта ене бастады.
Шеберлердің айтуынша, қолөнер бұйымдарына деген сұраныс қай кезде де бар. Тек оны ұлттық ерекшелігімізге және заманға сай түрлендіре де білу керек. «Жұмысшы мамандықтары» жылы аясында ұйымдастырылған шара соңында үздік жұмыстар іріктеліп, сатылымға шығарылады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
