Абай жайлы кітап жазған жазушы Өзбекстанда тұрады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай жайлы кітап жазған жазушы Өзбекстанда тұрады

07.08.2025

Өзбекстанның Наманган қаласында Абайдың шығармашылығын зерттеп, бірнеше кітап жазған жазушы тұрады. Исоқжон Нишонов осы мақсатта Қазақстанға, Абай жеріне бірнеше рет арнайы барған. Ұлы ақынның артына қалдырған мол мұрасы бүтін түркі жұртына ортақ қазына. Сондықтан Абайды танытуға, жас ұрпақтың Абай руханиятынан нәр алуына үлес қосқаныма бақыттымын дейді жазушы.

Исоқжон Нишонов Абайдың өлеңдерін бала күнінен оқып өскен. Есейе келе ұлы ақынның шығармалары өзін ерекше баурап алғанын айтады.

Исоқжон Нишонов, жазушы:

Абай менің ұғымымда өз халқын ілім-білімге жетелеген шамшырақ. Ел жұртының көзін ашып, санасын оятуға барын салған, ұлт болашағы үшін тұтас ғұмырын арнаған қайраткер тұлға. 

Хакім Абайдың шығармашылығын, өмір жолын зерттеу үшін жазушы Абай еліне бірнеше рет сапарлаған. Көнекөз қариялармен жолығып, ұлы ақын жайлы көптеген құнды мәлімет алған. Нәтижеде Абай жайлы бірнеше кітап жазып шыққан.

Исоқжон Нишонов, жазушы:

Абайдың қара сөздерінің адамзат баласына берері өте мол. Әдеп, иба, ұлттық намыс пен елін сүюге жетелеу сынды көптеген құнды дүниелерге тұнып тұр. Жас ұрпақ үшін де өнегесі ұшан теңіз.

Жақында түрік бауырлар Абай өлеңдері мен дастандарын өз тіліне аударды. Сол жинақтың бірі менің де қолыма тиді дейді жазушы. Осы кітапты қолға алған түркиялық әріптесіміз де Абай өлеңдерін ерекше ықыласпен оқыды.

Ертұғрыл Топшы, журналист:

Абай Құнанбайұлы жайлы өзбек тіліндегі «Миллат вижданы» кітабы жуырда бес бірдей тілге аударылып, баспадан қайта шыққалы жатыр.

Базаркүл Отыншиева

Хабарламаларға жазылу