Абай елінде хәкім мерейтойына арналған іс-шаралар жалғасып жатыр. Тарихи оқиғаның ортасынан ақпарат тарату үшін Ұлттық арнаның көшпелі студиясы арнайы Абай облысына барған еді.
«Абай елі – өнер кеніші» атты аудан өнерпаздарының концертімен қорытындыланды. Қала қонақтары мен тұрғындары ерекше кештің куәсі болып, бір серпіліп қайтты.
Ернұр Медет, тілші:
Қарт Семейдің төрінде өткен үлкен тойдағы көркем көрініс көпке дейін көпшіліктің жадынан кетпейтіні анық. Себебі мұнда бәрі бар. Мәселен, бүгінгі кеш ел ішіндегі талантты ұл-қыздардың шығармашылығын жұртшылыққа паш еткен бірегей алаң болды. Сондай-ақ бүгін Абай Құнанбайұлына арналған тың туындылардың тұсауы кесілді. Маусым айында облыстық көркемөнерпаздар байқауы өткен болатын. Ауқымды сайыс өңірдің шығармашыл жастарына серпін беріп, мәдени байланыстарды нығайтты. Сол байқауда ерекше көзге түскен үздік нөмірлер осы кеште жұрт назарына ұсынылды. Ән айтылды, би биленіп, күйде шертілді.
Талант Қыдырмоллаев, Абай облысы Мәдениет және халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі:
Абай атамыз ән де жазған, өлең де шығарған, күй де жазған. Жалпы қазақ мәдениетінің бірегей тұлғаларының бірі. Бұл жерде жаңа айтып өткендей бірнеше әннің тұсауы кесілді. «Хәкім Абай туған мекен» сынды әндер халықтың ықыласына бөленді.
Ернұр Медет, тілші:
Осындай әсем кештердің арқасында Абай елінің мәдени-рухани әлеуеті де көрініп жатыр
Ернұр Медет
