А. Гутерриш: БҰҰ өңірлік орталығын ашу - Қазақстан үшін маңызды дипломатиялық жетістік - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

А. Гутерриш: БҰҰ өңірлік орталығын ашу - Қазақстан үшін маңызды дипломатиялық жетістік

06.08.2025

Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымының өңірлік орталығының ашылуы Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттырады. Сондай-ақ Орталық Азияның орнықты даму жолындағы маңызды қадам. Сарапшылар осындай пікір білдірді. Ал орталықтың ашылуы мен Антониу Гутерриштің Қазақстанға сапары Бас Ассамблеясының 80-сессиясы қарсаңында өтуі еліміздің халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесін айқындайды дейді олар.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш Алматыға сапары барысында Қазақстанға «бейбітшілік пен диалог символы» деген баға беріп, елімізді халықтар арасындағы алтын көпір деп атады. Бұл сөздер Қазақстанның халықаралық аренадағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету жолындағы күш-жігерін мойындаудың көрінісі.

Темірлан Әбуғали, ҚСЗИ халықаралық қауіпсіздік бөлімінің сарапшысы:

Антонио Гутерриштің келуінің өзі Қазақстанның халықаралық аренада салмағы мығым ел екенін дәлелдейді. Өйткені, біз әрқашан бейбітшілікті жақтайтын, достықты дәріптейтін ел ретіндегі имиджімізді қалыптастыра алдық. Гутерриуштың өзі Қазақстанды шығыс пен батыстың, оңтүстік пен солтүстік арасындағы саяси көпір деп атады.

Сарапшылар орталықтың ашылуын үш бағытта қарастыруымыз керек деп санайды. Алғашқысы – экономикалық. Орталықтың негізгі миссияларының бірі – өңірдің экономикасын жандандырып, инновацияландыру, сауда саттық көлемін ұлғайту. Екіншісі экологиялық мәселелерді шешу. Және соңғысы Қазақстанның саяси салмағын арттыру.

Қазбек Майгелдинов, саясаттанушы:

Қарарына келетін болсақ, жарғысына орталықтың – бұл Ауғанстанды тұрақтандыру болып отыр. Тұрақты Ауғанстан дегеніміз не? Бұл әрине өңір қауіпсіздігі. Оның ішінде Қазақстанның қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді деген сөз. Наркотрафик тоқтайтын болса, Ауғанстандағы әлеуметтік жағдай жақсаратын болса, бұл әрине өңір елдерінің бәріне кері әсер етпейді. Керісінше оң әсерін береді.

Сарапшылардың пайымы ортақ: Болашақта Орталық Азия елдері және Ауғанстан әлемдік маңызы бар мәселелерді Алматыда орналасқан өңірлік орталық арқылы жаһандық деңгейде көтереді. Бұл аймақтағы Қазақстанның саяси беделін одан әрі арттыра түсері хақ.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу