Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы бүгін Семейде 5-ші күн жалғасын тауып жатыр. Облыс орталығында таңертеңнен бері спорттық, мәдени шаралар өтуде.
Ержан Жақып, тілші:
Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орайластырылған онкүндіктің бүгін 5-ші күні. Таңертеңнен бері Бейбітшілік аралындағы этноауылда қол күресінен қалалық ашық чемпионат өтті. Білектілер бәсекесіне еліміздің әр қаласынан келген 70-тен астам спортшы қатысты. Ал дәл қазір мен «Абай рухы» атты сән үлгісінің көрсетілімінде тұрмын. Таңертеңнен бері бұл жерде қазақша үлгіде тігілген киімдердің көрмесі өтті. Көпшілікке заманауи стильде тігілген киімдер, шеберлердің қолынан шыққан түрлі костюмдер мен бас киімдер, зергерлік бұйымдар ұсынылды. Ұлттық өнерді тамашалай келген тұрғындардың пікірін білсек.
Айжан Ғабдулина, тұрғын:
Бүкіл қазақ елін Абайдың 180 жылдық тойымен құттықтаймын. Мен Абай ауданы Тоқтамыс ауылынан әдейі осы Абайдың Семей қаласында өтіп жатқан күндерін көру үшін, немерелеріме көрсету үшін келіп отырмын. Неше күннен бері концерттердің бәрін көріп жатырмыз. Бүгін балалар сән ұғымын, сәндік көрсетілімді танып көрсін деп әдейі көрмеге келдік. Көрме ұнап жатыр.
Алтынай Бәдікеева, дизайнер:
Біз Қырғыз елінен арнайы Абай тойына келдік. Осындай сән үлгісінің көрсетілімі, көрме болатындығын естіп, өз туындыларымызды ала келдік. Қазір этностильдегі киімге қызығушылық артып келеді. Бауырлас ел болғандықтан біздің өнімдерде қазақ және қызғыз нақыштары кеңінен қолданылады. Қызығушылық жоғары.
Ержан Жақып, тілші:
Қазір санаулы сәттен соң сахнада этностильдегі сәнді киімдердің көрсетілімі басталады. Өскемен, Көкшетау, Қарағанды мен Астанадан және Қырғыз елінен келген дизайнерлер өз туындыларын көпшіліктің назарына ұсынады. «Абай рухы» сән үлгісінің көрсетілімі 3 күнге созылады.
Ержан Жақып
