Астанада әскери қызметшілер арасында қазақ күресінен тұңғыш рет Әлем чемпионаты өтеді. Жарыс 14-15 тамыз күндері «Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешенінде болады. Халықаралық турнирді Қорғаныс министрлігінің Спорт комитеті – Армия орталық спорт клубы мен Туризм және спорт министрлігі бірлесе ұйымдастырып жатыр. Біріншілікке әлемнің 40 елінен спортшылар қатысады деп жоспарланған. Жалпы балуандар 8 салмақ дәрежесінде кіл мықтыны анықтайды. Байрақты бәсекеде ел намысын ерлерден Бекжан Төлепов, Ернұр Сүлеймен, Әшім Сағындық пен Жұмажан Қожанбеков, Нұрдәулет Бақтыбайұлы, Айдар Бескемпір, Айбек Ізтілеуов пен ауыр салмақтағы Ғалымжан Қырықбай қорғайды. Ал әйелдерден Айжан Жылқыбаева, Сағат Байғараева, Рауза Нұрмұхамметова, Бақыт Құсақбаева, Зарина Сарипова, Роза Нысантайқызы, Зәмзәгүл Файзолланова мен Ақерке Рамазханова боз кілемге шығады. Белдесулерді «Qazsport»телеарнасынан тікелей эфирде көресетеді.
Асылбек Данияр
