Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев пара алды деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комиетті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің ресми өкілі айтты. Шенеунік сот санкциясымен қамауға алынған. Комитет жариялаған видеодан Сәтжан Аблалиевтың қалай тұтқындалғанын, қаржыны гүл салатын вазға жасырғанын көруге болады. Құқық қорғау органының өкілдері «Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – деп хабарлады. Алдын ала мәлімет бойынша, ол 78 000 доллар көлемінде пара алды деген күдікке іліккен. Бұл ақша Ұлыбританияда оқып жүрген баласының оқу ақысын төлеу үшін аударылған.
Айта кетейік, Сәтжан Аблалиев 2023 жылдан бері Көлік вице-министрі болып қызмет атқарып келеді. Ол ұзақ жылдар бойы Көлік министрлігіне қарасты Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары болды. 2021 жылдан 2023 жылға дейін ол Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
Асылбек Данияр
